Басты Жаңалықтар Асфальт-бетон зауыттары өндірісті ұлғайтты

Асфальт-бетон зауыттары өндірісті ұлғайтты

Қызылорда облысында асфальт-бетон зауыттары өндіріс көлемін ұлғайтты. Бүгінде өңірде 20-дан аса кәсіпорын жол жабындысын шығарады. «Сапа керуені» жобасы аясында Жол активтері ұлттық орталығы мамандары зауыттардың жұмысын тексерді.
Әділбек Серікұлы, Тілші:
Аймақта жол құрылысы қарқын алғанын мынау тау болып үйіліп жатқан қиыршық тастарға қарап байқауға болады. Сағатына мыңдаған тонна шикізат зауытта өңделіп, өңір жолдары асфальттанып жатыр.
Қала іргесіндегі асфальт-бетон зауыттарында қазір нағыз қарбалас шақ. Алып қондырғы италяндық технология бойынша жұмыс істейді. Мұнда битумға араласқан қиыршық тас 160 градуста қайнап, өндіріске жіберіледі. Ыстық асфальтты жүк көліктері лезде құрылыс аумағына әкетіп жатыр.
Алмас Қалиев, өндірістік учаске басшысы:
Бізде асфальт ыстықтай күйінше барады. Оны жинап қойып ертесіне апару жоқ. Өзінің белгілі температурасы бар. 160-155 градуспен шығарсақ, ол жаққа 150 градуспен барады. Күніне мың тоннадан аса асфальт шығарып жатырмыз. Шикізатымыздың бәрін дайындап қойғанбыз.
«Қыран» компаниясы аймақтағы ірі жол салушы ғана емес жол жабындысын өндіретін үлкен серіктестік. Бүгінде өндіріс аумағында 10 мың тоннадан асатын шикізат қоры бар. Қазір зауыттан сағатына 160 тонна асфальт шығады. Жалпы орталық мамандары аймақтағы барлық кәсіпорынға ұдайы бақылау жүргізіп, талапқа сай жұмыс істеуін қадағалайды.
Ержан Усманов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы:
Жыл басынан бері облыс көлемінде 23 асфальт зауыттарына тексеру жұмыстарын, қадағалау жұмыстарын жүргізді. Тексеріс барысында кемшіліктер анықталған. Бүгінгі күнде олардығ барлығы қалпына келтіріліп, жұмыстарын жасап жатыр.
Биыл облыс аумағында жол жөндеуге 40 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралған. Әсіресе, шеттегі ауыл-аймақтарға айрықша көңіл бөлінбек. Соның нәтижесінде, өңірдегі автожолдардың жағдайы жақсара түспек.

Бөлісу