Астанада «Құнанбай» фильмінің тұсаукесері өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Құнанбай» фильмінің тұсаукесері өтеді

15.05.2015
Астанада «Құнанбай» фильмінің тұсаукесері өтеді

16 мамырда Астана қаласындағы «Қазмедиаорталығында» режиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» толықметражды көркем фильмінің тұсаукесері өтеді.

Ұлы Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірі туралы фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған.

 «Құнанбай» фильмі – атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Туынды оның туып-өскен жерінде, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында және Алматы облысында түсірілді.

Сценарийін жазғандар: Досхан Жолжақсынов, Таласбек Әсемқұлов.

Басты рөлдерде: Досхан Жолжақсынов (Кұнанбай), Нұрсифат Салықова (Зере), Әліби Сырайлы (Абай), Айдос Бектеміров (Барақ сұлтан ), Майра Омар (Күңке), Қарагөз Сүлейменова (Ұлжан) және т.б.

Фильм жалпыұлттық прокатқа 2015 жылдың мамыр айынан бастап шығады.

Айта кету керек, «Құнанбай» көркем фильмі – Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, өнер ардагері, ұлттық театр және кино актері, режиссер, сценарист, продюсер Досхан Жолжақсыновтың режиссер ретінде түсірген екінші көркем фильмі.

Мұның алдында, яғни 2008 жылы Досхан Жолжақсынов түсірген «Біржан сал» көркемфильмі жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, кәсіби киносыншылар тарапынан жоғары бағаланған.

Хабарламаларға жазылу