«Құнанбай» фильмі келер дүйсенбіден бастап көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Құнанбай» фильмі келер дүйсенбіден бастап көрсетіледі

20.11.2015
«Құнанбай» фильмі  келер дүйсенбіден бастап көрсетіледі
Үстіміздегі жылдың мамыр айында тұсаукесері өткен «Құнанбай» фильмін көрермендер 23 қарашадан бастап кинотеатрлардан көре алады. «Айқын» газеті тілшілерінің сауалына жауап берген «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Алмас Тұяқбай осындай мәлімдеме жасаған.

Оның айтуына қарағанда, фильмнің тұсаукесері көктемде өткізілгенімен, прокаты әу баста күзге жоспарланған көрінеді. Себебі, жазғы маусымда кинотеатрларға адамдар көп бара бермейтін болса керек.

«Қазір фильмді көрсетудің нақты уақыты белгілі болды. Дүйсенбіден, яғни 23 қарашадан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында «Құнанбай» фильмі көрсетіле бастайды. Бұл фильмді қалалықтардың ғана емес, ауылдағы ағайынның да тамашалауына мүмкіндік жасап, арнайы таспаларға көшірдік» деп атап өтіпті Алмас Тұяқбай.

Естеріңізге салар болсақ, «Құнанбай» фильмінің сцернарийін жазған мәдениеттанушы, жазушы Таласбек Әсемқұлов болатын. Ал, режиссері Досхан Жолжақсынов. Фильмнің ресми тұсаукесері 2015 жылдың мамыр айында өткен еді. Сонымен бірге, отандық киногерлер жасаған тағы бір туынды–«Аманат» фильмі де көктемде бұқараға таныстырылған. Алайда, оның көпшілік назарына ұсынылуы шегеріліп отыр. Себебі, фильм бүгінде халықаралық фестивалдердің біріне қатысып жатыр екен.




Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу