Бүгін – Бәкір Тәжібаев дүниеге келген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Бәкір Тәжібаев дүниеге келген күн

15.05.2015
Бүгін – Бәкір Тәжібаев дүниеге келген күн

Бәкір Тәжібаевтың «Ақ бұлақ» әнінің жарыққа шыққанына жарты ғасырдай уақыт өтсе де, өз биігінен әлі түскен емес. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бұл әнді естігенде, әуеніне елітіп, қосыла шырқай жөнеледі.

«Ақбұлақ – ол кісінің туған жері. Әкесі мен анасының ат суарып, су алған жері»,-дейді Бәкір Тәжібаевтың жары Сапаргүл Тәжібаева.

Бәкір Тәжібаевтың жазған жырларына Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Сейдолла Бәйтереков, Ескендір Хасанғалиев сынды танымал композиторлар ән жазған.

«Ол кісінің басқа ақындарға қарағанда,  бір ерекшелігі – айтып отырған әуеніңді тез қабылдап, әуеннің ыңғайына, мінезіне қарап,  сөзін тез жазатын. Сондықтан да, Бәкең екеуміздің шығармашылық байланысымыз тығыз болды. Өзімнің біраз әндерімді Бәкір ағаның сөзіне жаздым. Мысалы, «Асыл арман», «Ауылым - әнім», «Бозторғайым» әндері»,-дейді  Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев.

Ақынның «Әлия» әніне жазылған мәтіні де халықтың қошеметіне ие болды. Сейдолла Бәйтерековпен бірлесе отырып шығарған туынды бүгінде батыр қыздың бейнесін ел жадында мәңгі сақтап келеді.

150-ден астам әннің авторы Бәкір Тәжібаевтың шығармашылығы туралы толығырақ «Таңшолпанның» сюжетінен көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу