Бүгін – Асанәлі Әшімов дүниеге келген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Асанәлі Әшімов дүниеге келген күн

08.05.2014
Бүгін – Асанәлі Әшімов дүниеге келген күн

Асанәлі Әшімов - 1937 жылы  мамырдың 8-де Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген.

Қазақ кино өнерінің корифейі атанған Асанәлі Әшімов «Қазақфильм» киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режиссер,  Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Халық әртісі.
Асанәлі Әшімов - қазақ көркем өнерінің тағдыр-тарихына айналған айтулы тұлға.

Алматы консерваториясын бітірген (1961). Студент кезінде түрлі фильмдерде Кенжетай («Ботагөз», 1957), Жанай («Асау Ертіс жағасында», 1959), Бектасов («Бір ауданда», 1960), Болат («Ұшы қиырсыз жол», 1960) рөлдерінде ойнады.

Консерваторияның актерлік факультетін бітірген соң, «Қазақфильм»  киностудиясында Мұрат («Менің ұлым», 1962), Ескендір («Торап», 1963), Тұрар («Тұлпардың ізі», 1964) сияқты әр алуан бейнелер жасады. 1964 жылы Қазақ академиялық драма театрына шақырылады.

Театрда С. Қожамқұлов, С. Майқанова, Ш. Айманов, Х. Бөкеева, К. Қармысов сынды өнер тарландарының шеберлік мектебінен тәлім алды. Театрдағы тұңғыш рөлі М. Әуезов пен Л. Соболевтің «Абай» спектакліндегі — Айдар рөлі. Содан кейін Кебек, Шуақ (Әуезовтің  «Еңлік — Кебегі» мен «Қарақыпшақ Қобыландысында»), Қозы, Қодар (Ғ. Мүсіреповтің  «Қозы Көрпеш—Баян сұлуында») Сәнжан (Ә. Таразидің «Күлмейтін комедиясында»), Өсіпбай (Ш. Айтматов пен Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде»), Еламан (Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен терінде», КСРО мемлекеттік сыйлығының, 1974) рөлдерін алып шықты.

Сонымен қатар, актер Қ. Ысқақовтың «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Қ. Мұхамеджановтың «Жат елдесінде» Асан , М. Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Л. Зориннің «Варшава сазында» Виктор сияқты әр замандағы, әртүрлі қоғамдағы әрқилы мінезді бейнелерді сомдады.

Бұлардың бәрі махаббат пен терең сезімнің жымдасуынан туған тосын образдар ретінде қазақ сахна өнерінің тарихында қалды.

Асанәлі Әшімов — қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі. Оның кинодағы Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров («Атаманның ақыры», 1971), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Транссібір экспресі», 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Кемел («Нан дәмі»), Нұрғазы («Алатаудың ай мүйізі»), Қаражал («Жаушы», 1980), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел», 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті.

Әшімов режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н. Гогольдің «Ревизор», Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді», И. Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?!», С. Ванустың «Сұлтан болсам егер мен», Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» спектакльдері мен ол түсірген «Жылан жылы», «Шоқан Уәлиханов»,  «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» фильмдері режиссерлік шығармашылығының  кең ауқымын көрсетеді.

1986 жылы  Әшімов өнеріне арналған «Асанәлі» деректі фильмі түсірілді. «Парасат» орденімен марапатталған. Ол үшін өнер мен өмір егіз ұғым. Қазақ киносы мен театрын Асанәлісіз, ал Асанәліні бұл екеуінсіз елестету мүмкін емес.

Тағы бір айта кетерлігі, қолы қалт еткенде қалам алып, ой-тұжырымын қағазға түсіруді әдетке айналдырған сахна саңлағының бірнеше нақыл сөздері бар. «Жауызды жақтағаның – жауыздық», «Актердің өзін-өзі көтергені – оның құлағаны», «Өнер жолы – шынсыздықты шындықтан табу, шындықты шынсыздықтан табу», «Ақылсыздарды ойнау үшін де ақыл керек» соның бірқатары ғана.

Хабарламаларға жазылу