Бүгін – Нағима Есқалиева дүниеге келген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Нағима Есқалиева дүниеге келген күн

03.02.2015
Бүгін – Нағима Есқалиева дүниеге келген күн

ҚР  Еңбек сіңірген әртісі, әнші Нағима Есқалиева - 1954 жылы 3 ақпанда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Фабричный кентінде жұмысшы отбасында туды. Оның ата тегінің қонысы Ақтөбе облысы. Әкесі – Қабыл, анасы – Асыл қарапайым отбасы.

Нағима Есқалиева бала кезінен актриса болуды армандайды. Қазақстанның қазіргі көптеген эстрада жұлдыздары эстрада цирк студиясында (бұл қазіргі күні Жүсіпбек Елебеков атындағы колледж) қанаттанды. Соның бірі – Нағима Қабылқызы Есқалиева еді.

Ұстазы Қазақстанның әйгілі өнерпазы – Лаки Кесоглу. Әнші бұл студияны 1973 жылы тәмамдайды. Алматы музыкалық училищесінің хорға дирижерлік жасау бөлімін бітірген. Нағима Есқалиеваның есімі 1979 жылы «Әнмен өрнектелген өмір» Бүкілодақтық жас әншілер сайысынан соң эстрадалық музыканы сүюшілер арасында танымал бола бастады.

Жастардың «Алло, мы ищем таланты!» сайысында дипломант атанған жас әншінің осы сайыста өнер көрсетуі үлкен табыспен өтті. 1977 жылы П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесін бітірді.

Осы жылдан бастап «Қазақконцерт» бірлестігінде екі жыл әнші болса, 1978-1983 жылдары  «Гүлдер» ансамблінің әншісі  болады. 1979 жылы ол Ленинградта өткен Бүкілодақтық жас әртістер сайысында бақ сынайды.

ХІХ Халықаралық эстрада әндеріне арналған «Алтын Орфей» фестивалінде бірінші орынды  иеленді. Оның репертуарында әр түрлі жанр мен бағыттағы қазақтың халық әндері мен замануи  композиторлардың  әндері бар.

Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел», С. Бәйтерековтің «Күнге табыну» және тағы басқа әндер оның орындауында әнмен айтылған өмірге айналды. 1996 жылы ол Қазақстанның талантты балалары үшін эстрадалық шеберлік студиясын ұйымдастырды.

Әнші гастрольдік сапармен ТМД елдерінің көптеген қалаларында, Германия, Моңғолия, Дания, т.б. елдерде өнер көрсеткен. Ол Халықаралық эстрада әншілерінің «Алтын Орфей» байқауының, Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты атанған.

Хабарламаларға жазылу