24 сәуір күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Сәкен тағылымы-11: Жастар және Ғылым» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді. Шара барысында университет ғалымдарының ғылыми жетістіктері қамтылған ғылыми көрме көрсетіліп, экскурсия ұйымдастырылады.
Аталмыш іс-шараға ҚР Ауылшаруашылық министрі А.Мамытбеков, «С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ» АҚ Басқарма Төрағасы, профессор А.Күрішбаев, «Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама» АҚ Президенті А.Жұмабеков, «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС Бас директоры Д.Егізбаев және т.б. қатысады.
Жиын барысында негізінен жас ғалымдарды қолдау, ашық пікірталас ұйымдастыру және биылғы жылы университет бітіретін студенттер мен магистранттардың қорытынды жұмыстарын жоғары деңгейде қорғауына үлкен мүмкіндік жасалып отыр.
Конференция жұмысы жалпы 14 сектордан құрылады. Олардың қатарында Қазақстанның аграрлық секторының экономикалық және жерге орналастырудың өзекті мәселелері сөз болып, егін шаруашылық және өсімдік шаруашылығындағы инновациялық технологиялар, отандық ветеринария және мал шаруашылығының заманауи мәселелері туралы мамандар пікірлері тыңдалмақ.