Басты Жаңалықтар Бурабайда электр моторлы трамвайлар маршруты іске қосылды

Бурабайда электр моторлы трамвайлар маршруты іске қосылды

Бурабайда жаңа қоғамдық эко-көлік ретінде судағы электр моторлы трамвайлар маршруты іске қосылды. Су трамвайлары пилоттық кезеңде «Айнакөл» мен «Бөлектау» және «Кенесары үңгірі» станциялары арасында қатынайды.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Бурабайға демалыс күндері шамамен 30 мың көлік кіреді. Туристердің көбеюі курорттағы көлік қозғалысына да салмақ түсіреді. Осыған байланысты мұнда балама қоғамдық көлік түрлері іске қосылуда. Соның бірі – электр моторлы трамвайлар. Енді туристер көл үстімен қатынап, табиғатты тамашалауға мүмкіндік алды.
Жоба аясында Айнакөл маңында аралық автотұрақтар ашылып, демалушылар жеке көлігін сыртта қалдыра алады. Судағы қатынас жолы арқылы автокөлік жүктемесін азайту көзделген.
Саттар Мұталханов, кәсіпкер:
400 автокөлікке арналған тұрағымыз бар. Келген саяхатшылар осында көліктерін қойып, Бурабай демалыс аймағын туристік аймағын көлік трамвайлар арқылы аралауына, көруіне болады. Ең басты мәселе мұндағы ұлттық парк аймағындағы көлік қозғалысын азайту барынша.
Жаңа су көлігі толығымен электр қуатымен жұмыс істейді. Демек ауаны да, көлді де отын қалдықтарымен ластамайды. Бурабайға келген демалушылар жаңа қоғамдық көлікті қызықтап мініп, Бөлектау көру алаңы мен Кенесары үңгіріне жету үшін белсенді пайдаланып жатыр.
Мадина Темірбекқызы, турист:
Негізі Бурабайға көп автокөліктер келеді және моторлы, майлы қайықтар өте көп қазіргі таңда. Мұндай электрмоторлы қайықтар көргеніме өте қуаныштымын. Өйткені, табиғатқа деген зияны аз.және біздің табтғатымызды қорғау керек деп ойдамын.
Нұрғазы Бектұрған, турист:
Су трамвайы деп аталады екен. Жаңадан ашылған екен, керемет. Бөлектаудан, Кенесары ханнан түсуге болады. Өте тиімді, ыңғайлы. Ол тоқпен жүреді екен, ауаны ластамайды, экологияға жақсы.
Әзірге туристер үшін 15 су трамвайы қызмет көрсетуге дайын. Келесі жылы олардың санын арттырып, 30-ға жеткізу жоспарланып отыр. Демек, маршруттары да кеңейеді. 2027 жылы Бурабай көлінде дәстүрлі жанармаймен жұмыс істейтін су көліктерін шектеу қойылатын болса, электрмоторлы трамвайларға деген сұраныс артатыны сөзсіз.


Бөлісу