Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасы Қытайда дәріптелді
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық мұрасы Қытайда дәріптелді. Ақынның 180 жылдығына арналған мәдени іс-шара Бейжіңде өтті. Қазақстанның мәдениет орталығында көрме ұйымдастырылып қытайлық жұртшылыққа кеңінен таныстырылды. Бейжіңдегі тілшіміз Әйгерім Ермұханқызының бейнематериалы.
Жылжымалы көрмеге ақын туралы сыр шертетін 100-ден астам экспонат шығарылды. Бірегей фотосуреттер, тарихи құжаттар, кітаптары мен медальдары қойылды. Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мәдениет саласының өкілдері, тарихшылар, зиялы қауым, жергілікті тұрғындар қатысты.
Мына тұрған заттың бәрін Жамбыл Жабаевтың өзі пайдаланған. Көзілдірігінен бастап, телефон, қамшы, ер-тоқым, киген шапаны, тіпті аяқ-киіміне дейін тұр. Келушілерге ерекше әсер еткен де осы құнды жәдігерлер болды.
Парасат Қуатбекұлы, Үрімжі қаласының тұрғыны:
Ақындар айтысына қатысқан суреттерін көрдік. Кітап, шығармасын көрдік. Өте қуаныштымын. Бұрын көрген емеспін. Бірінші рет екен. Интернеттен көріп жүреміз бәрін. Бүгін нақ ортасында көріп қуанышты болды. Жақсы бір сабақ болды маған. Тәжірибе болды.
Әнуар Үмбетәлиев, Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
Екі елдің мәдени байланысын нығайтып, ұлғайту мақсатында өтіп отыр. Қандастарымыз осы Бейжің қаласында тұратын, кешелі бері келіп жатыр. Өте жоғары қызығушылық танытуда. Олар бәрі таниды. Жамбылдың жырларын жырлайды. Сондықтан неге осы жерге алып келіп көрсетпеске.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтары қытайлық көрерменге кеңінен таныстырылды. Ал іс-шараның екінші кезеңі концертке ұласты. Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары арнайы әзірлеген музыкалық бағдарламасын ұсынып, қалың көрерменнің ықыласына бөленді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы