16-17 сәуір күндері Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Жекпе-жек» мелодрамасының премьерасын өткізеді.
Аталмыш туынды қырғыз драматургі Мар Байжиевтің «Дуэль» шығармасының желісі бойынша сахналанбақ. Қазақ тіліне аударған қойылым режиссері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері – Сайлау Камиев.
Жекпе-жек – тек ерлер арасында болатын қақтығыс. Яғни, «Жекпе-жек» мелодрамасы екі адамның махаббат жолындағы қақтығысын суреттейді. Бас кейіпкер Нази көңілдесі Ескендірмен теңіз жағасына демалысқа барғанын да, өмірінің күрт өзгеріске ұшырайтынын үш ұйықтаса түсінде де көрмейді.
Ескендір-Нәзи-Әзиз арасында орын алған махаббат хикаясы спектакльдің басты оқиғасы. Қойылымда басты кейіпкерлерді театр әртістері – Мейрам Қайсанов, Ержан Нұрымбет, Нартай Сауданбекұлы, Алтынгүл Серкебаева, Олжас Жақыпбектер сомдайды.
М.Байжиевтің «Жекпе-жек» туындысы - бірнеше тілге аударылып, Қазақстан, Болгария, Венгрия, Германия, Польша, Швеция, Австрия, Румыния сынды бірнеше елдерде сахналанған танымал туындының бірі.