27 наурыз – Халықаралық театр күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

27 наурыз – Халықаралық театр күні

25.03.2015
27 наурыз – Халықаралық театр күні

27 наурыз – Халықаралық театр күні қазақ театрлары үшін де ерекше мереке.  Осыған орай Қ.Қуанышбаев  атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мерекелік концерт ұсынады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Мерекелік бағдарламада «Өз актеріңді таны» атты акцияның шешімі жарияланып, көрермендер таңдаған «Үздік актер», «Үздік актриса», «Үміт» аталымдары бойынша жеңімпаздар марапатталады.

Сонымен қатар, театр саңлақтары Қаллеки театрының негізін қалаушы режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері «Жақып Омарұлы» атындағы, Халық қаһарманы, режиссер «Әзірбайжан Мәмбетов» атындағы, ҚР Халық әртісі, режиссер «Қадыр Жетпісбаев» атындағы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер «Шәміл Жүніс» атындағы арнайы сыйлықтар табысталады.

«Театр және ақпарат» аталымы бойынша театр тынысын үздіксіз насихаттап жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының  ұжымдарына  және журналистерге алғыс хат беріледі.

Сондай-ақ, Халықаралық театр күні мерекесіне орай  2014 жылы жарық көрген Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Төребайұлы Сығайдың «Қаллеки» театры  атты театр тарихы мен шығармашылық кеңістігінен сыр шертетін кітаптың қосымша авторлары шеберхана түлектері арнайы алғыс хатпен марапатталады.

Хабарламаларға жазылу