Елордада қаланың кішкентай тұрғындары үшін сиқырлы мерекелік оқиғалар кезеңі басталды. Қаланың барлық ұйымдарында жаңажылдық шырша мерекелері өтуде.
27 желтоқсан күні Оқушылар сарайында қала әкімінің атынан шырша тойы өтеді. Оған 300 жетім бала мен ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар, айрықша қажеттіліктері бар балдырғандар мен дарынды бүлдіршіндер шақырылды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, аудандық әкімдіктер де балаларға арнап мереке өткізеді. Шаралардың барлығы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында ұйымдастырылады.
23 желтоқсан күні сағат 09:00-де Сарыарқа ауданы әкімінің шырша тойы өтеді, онда да бүлдіршіндерді көңілді жарыстар мен сыйлықтар күтеді.
28 желтоқсанда Алматы ауданы әкімінің атынан мерекелік шырша кеші ұйымдастырылады. Кішкентай қонақтар Аяз Ата және Ақшақармен бірге ән айтып, би билейді. Балаларға мерекелік концерт және ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылым көрсетіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.