«Поэзия әлемінде» - Роза Сейілхан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Роза Сейілхан

31.01.2015
«Поэзия әлемінде» - Роза Сейілхан

Роза Сейіл­ханның өлеңдері таң шығындай мөлдір лиризмге, адами һәм шығармашылық еркіндікке, туған жерге тамыры байланған перзенттік махаббатқа, қаймағы бұзылмаған шұрайлы тіл мен көркем де кестелі тіркестерге мейлінше бай.

Ол туралы ақын ағасы Ғалым Жайлыбай: «Бүгінгі поэзия жанрында қалам тербеп жүрген ақын қыз-келіншектер жаны нәзік бола тұра, өмірді батыл әрі еркін жырлайды. Розаның өлеңдерінен де осындай шынайылық байқалып тұрады. Оның лирикадан пәлсапа туғыза алатын­дығы, ой-өрімдері мен ақындық, адами тағдырын өзіндік мұңымен өре білетіндігі қуантады»,- дейді.

Бүгін 13.10-да «Поэзия әлемінен» жыр алыбы Жамбыл ауылының тумасы Роза Сейілханның шығармашылығы туралы толығырақ біле аласыздар.

Біздің анықтама:

Роза Сейілхан - 1972 жылы 25 cәуірде Алматы облысында дүниеге келген. 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  университетінің журналистика факультетін  тәмамдаған.

1996-1998 жылдары республикалық «Zaman-Қазақстан» газетінде, 2001-2002 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, 2002-2003 жылдары республикалық апталық «Ана тілі» газетінде, қоғамдық-саяси «Алматы ақшамы» газетінде қызмет еткен.

Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Алматы ақшамы», облыстық «Жетісу» газеттерінде, «Парасат», «Жұлдыз» журналдарында жарияланып тұрады.

2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен «Мендегі бір әлем» атты тұңғыш жыр жинағы жарыққа шықты.

Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері және 2003 жылы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты.


Жарық әлем, мен саған шын құмармын,
Сүрінермін, құлап ап, бір тұрармын.
Жапырақтай сарғайып, күз келгенде,
Көктем келе қайтадан құлпырармын.

Мен өлеңмін, өлеңде кінә бар ма,
Жарық күннің жетелер шуағы алға.
Түсініксіз бір жәйтті жиі өткерем,
Көз көрмейтін кеткім кеп бір аралға.

Тамшыларын үйірді жанарға мұң,
Өзімді іздеп өзімнен таба алмадым.
Бақытымды бағамдай алмасам кеш,
Үмітімді жалғай гөр, ақ арманым.

Мен әйелмін, мұңаяр жабыққанда,
Қанатым жоқ қайтейін қалықтарға.
Мен ақынмын, шарасыз ақын жанын,
Не жетеді шіркін-ай, жары ұққанға.

Хабарламаларға жазылу