Көшбасшы әйелдердің республикалық семинары өтті
Еліміздегі жеке кәсіпкерлердің 54 пайызына жуығы әйелдер. Ал шағын және орта бизнес басшыларының 48 пайызын нәзік жандылар құрайды. Зерттеуші-ғалымдар арасында да олардың үлесі 55 пайыздан асады. Әйелдердің кәсіби әлеуетін дамыту, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау аясында Өскеменде республикалық семинар өтті. Жиында бизнесті нығайту, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту талқыланды.
«Жаңа мүмкіндіктер экономикасы: әйелдер, кәсіпкерлік және технологиялар». Иә, осындай атаумен өткен семинарға еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық кәсіпкер, сарапшы мен қоғам белсендісі бас қосты. Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту міндеттері қойылған. Осы мақсатқа орай ұйымдастырылған жиында әсіресе жаңа технологияларды меңгеруге жағдай жасау қажеттілігі баса айтылды.
Лаура Қарабасова, ҚР Құрылтайының депутаты:
Бұл жерде бизнес, өндіріс өкілдері және ғылымның да ықпалы туралы айтып отырмыз. Өйткені бізде елдегі үлкен экожүйеде бизнес болсын, басқа сала болсын әрбір қатысушы өзінің рөлін нақты орындаған жағдайда біз үлкен нәтижелерге қол жеткізе аламыз.
Бизнесті қолдауға арналған микро несиелердің 60 пайыздан астамын әйел кәсіпкерлер алған. Соңғы үш жылда шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі едәуір артқан. Кәсіпкер нәзік жандылардың басым бөлігі қызмет көрсету саласында еңбек етеді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Әйелдердің кәсіби және кәсіпкерлік әлеуетін дамыту - бұл қоғамның өркендеуіне өңір экономикасының нығайуына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал ететін маңызды бағыт.
Әйелдер кәсібін дамытуда ауыл мен қаладағы мүмкіндік теңдігі өзекті. Сондықтан елімізде елуден астам әйелдер бизнес-қауымдастығы жұмыс істейді. Олар кәсіпкер жандарды оқытып, бизнесіне қолдау көрсетеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы