Қазақ-тәжік қатынасы: $2 млрд межесі
Қазақстан мен Тәжікстан сауда-саттықты 2 млрд долларға жеткізуге ниетті. Осы мақсатта арнайы жол картасы әзірленді. Бүгін Мемлекет басшысы Ақорда сарайында елімізге ресми сапармен келген Тәжікстан Президентімен келіссөз жүргізді. Ақорда мәртебелі мейманды сән-салтанатпен қарсы алды. Эмомоли Рахмон құрметіне аспанға тікұшақтар көтеріліп, екі елдің туы көкте желбіреді. Осыдан кейін президенттер делегация мүшелерімен танысып, қос елдің әнұрандары шырқалды.
Қазақ пен тәжік арасында достыққа негізделген байланыс бұрыннан бар. Екі ел бауырлас, серіктес. Ал екі жыл бұрын одақтастық туралы шартқа қол қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Сіздің бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ерекше құрмет пен шынайы достықтың көрінісі. Тәжікстан біз үшін бауырлас ел. Маңызды әрі сенімді серіктес. Қос халықты ортақ тарих пен рухани құндылықтар байланыстырады. Сондықтан бұл сапардың мән-маңызы айрықша деп айтқым келеді.
Елдер арасындағы алыс-беріс те өсіп келеді. Биыл 9 айда 26 пайызға артып, 1 миллиард доллардан асты. Қазақстан Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне енді. Енді осы көрсеткішті екі еселеу міндеті қойылып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Қабылданған шаралардың арқасында тасымалданатын тауар түрлері көбейіп, түрлі өнім көлемі артты. Теміржолмен жеткізілетін экспорт-импорт жүгі де ұлғайып келеді. Бизнес деңгейіндегі байланыстар жанданды.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:
Инвестициялық ықпалдастық дәйекті түрде дамып келеді. Бүгінде Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 130-дан аса кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының 580-нен астам кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 500-і толығымен тәжік капиталының қатысуы арқылы еңбек етеді.
Қазақ пен тәжік халықтарын ғасырлардан тамыр тартқан тарих пен ортақ рухани құндылықтар байланыстырады. Душанбеде Абайдың бюсті, Астанада ұлы ойшыл Ибн Синаның ескерткіші бой көтерген. Екі елде мәдениет күндері өткізіліп, білім мен ғылым саласындағы байланыс та кеңейіп келеді. Осы достықты нығайтуға және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан елеулі үлесі үшін Мемлекет басшысы Эмомали Рахмонды Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесіңіз – өлшеусіз. Баршаға мәлім беделіңіз, бай мемлекеттік тәжірибеңіз және бейбітшілік пен ынтымақтастық идеясына деген берік ұстанымыңыз біздің аймақтағы өзара түсіністік пен сенімді бекітуге септігін тигізді.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:
Бұл марапатты мемлекеттеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі өзара құрмет пен сенімнің тағы бір дәлелі санаймын. Ең алдымен, бауырлас Қазақстанмен достық пен ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқан тәжік халқының еңбегіне берілген баға деп білемін.
Осыдан кейін президенттер келіссөз нәтижесін қорытындылап, баспасөз алаңына шықты. Президент 2030 жылға дейін тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасы қабылданғанын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымы 2 миллиард долларлық межеге таяп қалды. Нәтижесінде Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне енеді. Бүгін осы мақсатқа жетуді көздейтін 2030 жылға дейін тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасы қабылданды. Екі ел үкіметтеріне аталған міндетті сапалы орындау жүктелді.
Ауыл шаруашылығы саласында да әлеует мол. Былтыр аграрлық өнімдер саудасы 11 пайызға өсіп, 600 миллион долларға жуықтады. Тараптар оны одан әрі ұлғайтуға ниетті. Энергетика, мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және өңдеу өнеркәсібінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Көлік-транзит саласындағы байланыс та нығайып келеді. Авто және теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі 7 миллион тоннаға жуықтаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Былтыр елдеріміз арасындағы авто және теміржолмен жүк транзиті көлемі сәйкесінше 8 және 15 пайызға ұлғайып, шамамен 7 миллион тоннаны құрады. Тасымалдаушыларға жасалған жағдай биыл да оң динамиканы сақтауға мүмкіндік берді. Көлікті цифрландыру мәселесіне баса назар аудару жөнінде уағдаластық. Бұл жүкті іркіліссіз жеткізуді қамтамасыз етеді.
Қазақстан аймақелдері арасында тәжік студенттеріне ең көп білім грантын бөліп отыр. Жыл сайын 100 орын қарастырылған. Сондай-ақ еліміз тәжік әскерилерін өз оқу орындарында даярлауды жалғастыруға дайын. Мемлекет басшысы IT саласындағы ынтымақтастықтың да әлеуеті зор екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Бұған дейінгі уағдаластықтар аясында тәжік тарапына электрондық үкімет платформасының цифрлық шешімдері берілді. Тәжікстандық мамандар Қазақстанның үздік IT-мектептеріндегі тағылымдама курстарын ойдағыдай аяқтады.
Тәжікстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2028-2029 жылдардағы тұрақты емес мүшесіне үміткер ретінде ұсынылды. Президент біздің ел бұл бастаманы қолдайтынын айтты.Ал келіссөз қорытындысында президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ 14 құжатқа қол қойылды. Келісімдер сауда, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Сапар аясында Астанада Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимараты ашылды. Ауқымды нысанды тұтас дипломатиялық кешен деуге болады. Бұл да екі ел арасындағы достық пен өзара сенімнің айқын көрінісі. Осылайша, ресми сапарда маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ендігі міндет сол келісімдерді жүзеге асырып, ынтымақтастық аясын нақты істермен нығайту.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы