Бүгін Қазақ Ұлттық Өнер университетінде Әшірбек Сығайды еске алу кеші өтеді. Кеш барысында Әшірбек Сығайға арналған «Сын сардары» атты фильм көрсетілмек. Осыған орай бүгін режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қалила Омаров пен «Анкара қазақ жастары» бірлестігінің өкілі Мырзахан Байжанұлы «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Халық көркем фильмге жақын. Көркем фильмнің режиссерлерін жақсы біледі. Әрі бұл фильмдердің насихаты да мықты. Дегенмен, мен үшін деректі фильм маңызды. Себебі, оның әсері жоғары. Ақиқатты жеткізу жолындағы көрсетіп отырған фильмдер сұранысқа ие. Сондықтан, деректі фильмді көркем фильмнен кем көрмеймін. Бүгінге дейін 50-ден астам кино түсірдім. Оны интернет арқылы әлемнің әр түкпірінен халық көріп жатыр»,-дейді режиссер.
«Біз «Сын сардарын» бір жыл түсірдік. Әш-ағаң көзі тірі кезінде дүниеге келген туынды. Ол кісінің өзімен бірге жүріп, Қазақстанда, Ресейдің бірнеше шаһарында болып, Әшірбек Сығайдың бүгінгі театрдағы рөлі туралы өзі, замандастары ой бөліседі. Бір өкініштісі, фильмнің тұсаукесерінде Әшірбек аға болған жоқ. Бірақ, жұбайы Күләш апамыз екеуі көрді. Аздаған ескертпелері болды. Соның бәрін түзетіп, Әш-ағаңның қырқы болып жатқан кезде, біз Алматыда фильмнің тұсаукесерін жасадық».
Ал, Түркиядағы қазақ жастарының мәдени өмірімен бөліскен «Анкара қазақ жастары» бірлестігінің өкілі Мырзахан Байжанұлы: «Бүгінде Анкарада 800-ге жуық қазақстандық жас білім алуда. Мәдени өмір жоғары деңгейде. Қазақстан мен Түркияға қатысты әрбір шараға біз үнемі атсалысып отырамыз. Мәдени өмірге үлес қосқан осы «Анкара қазақ жастары» бірлестігі. Өткен жылдың қараша айында Қалила ағамыз Анкараға сапарлады. Сол сапары кезінде ашаршылық туралы деректі фильм қойылды. Туынды өте жақсы қабылданды. Бірқатар профессорлар қазақ тарихына қатысты тұщымды пікір білдірді»,-дейді.