Басты Жаңалықтар Қарағанды облысында жаңа кірпіш зауыты іске қосылды

Қарағанды облысында жаңа кірпіш зауыты іске қосылды

Қарағанды облысы Осакаров ауданында 2025 жылы инвестиция көлемі 71 миллиард теңгеге жеткен. Соның арқасында 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Мәселен, ауданда еліміздегі ең ірі сүт фермасының алғашқы кезеңі аяқталса, қуаты 150 мегаватт болатын жел станциясы қолданысқа берілді. Ал өңірдегі жаңа кірпіш зауытының жұмысымен тілшіміз Жандос Бақытұлы танысып қайтты.

Осакаров кентінің іргесіндегі жаңа кірпіш зауыты 1,5 ай ішінде 4 миллионнан аса өнім өндірген. Қазір мұнда 60-қа жуық адам еңбек етіп жатыр. Зауыт жылына 50 миллионға жуық кірпіш өндіре алады.

Қобыланды Тілейхан, кірпіш зауытының жұмыскері:

Қазіргі жұмысым – қара кірпіш тасимын. Дайын кірпіштерді жинаймын. 1 жылдан асты жұмыс істеп жатқаныма. Айлық төлемі жақсы, бірқалыпты, уақытылы.

Жаңа инвестициялық жобаға 1 миллиард 800 миллион теңге көлемінде қаржы құйылды. Көршілес елден келген инвестордың айтуынша, жұмыстың жартысынан көбі автоматтандырылған. Ал жобаға Осакаров ауданы жайдан-жай таңдалмаған.

Джун Шин Ли, кірпіш зауытының өндіріске жауапты директоры:

Осакаров ауданы географиялық жағынан бізге ыңғайлы. Себебі екі жағында да ірі қалалар орналасқан. Ол жақта құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Онымен қоса, зауытты аяқтандыруға барлық мүмкіндік берілді.

Соңғы жылдары Осакаров ауданында инвестициялық жобалар саны артып келеді. Мәселен, күні кеше қуаты 150 мегаватт болатын жел электр станциясы іске қосылды. Онымен қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасымен тағы 62 және 500 мегаваттық екі станция салынып жатыр.

Береке Есіргепов, Осакаров ауданы әкімінің орынбасары:

Еліміздегі ең ірі сүт фермасы салынғалы жатыр. Алғашқы бөлігі аяқталды. Қазіргі таңда 1200 бас сиыр алып келінді. Инвестордың келесі жобасы – тамшылатып суару құрылғысын іске асыру. Инвестордың айтуынша, оны осы жақта өндіреді. Келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бүгінде Осакаров ауданында инвестициялық жобалардың арқасында 300-ге жуық тұрғын жұмыспен қамтылды. Ал түскен қаржы көлемі 2025 жылы 71 миллиард теңгеге жетсе, биыл бұл көрсеткіш 98 миллиардқа дейін артпақ.

Бөлісу