Басты Жаңалықтар Қазақстан мен ЕуроОдақ байланысы нығайып келеді

Қазақстан мен ЕуроОдақ байланысы нығайып келеді

Еуропалық Одақ қазақ билігінің «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған реформаларын қолдайды. Әрі аймақтың көшбасшысы ғана емес, әлемдегі беделді мемлекеттерінің біріне айналған қазақ елімен барлық салада ынтымақты нығайтуға мүдделі. Қос тараптың серіктестігі кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық келісімі аясында жаңа сатыға көшті.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қазақстан – ЕуроОдақпен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұл ЕуроОдақпен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді. Он бір жыл бұрын бекітілген келісім аясында қос тарап 29 сала бойынша ынтымақты бекемдеп келеді.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 45 млрд доллардан асты. Қос тарап сауда мен инвестицияны арттырып, біріккен жобаларды жүзеге асыруға ниетті.

Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметі басқарушы директорының орынбасары:

Кеңейтілген әріптестік келісімі аясында біз Қазақстанмен мәдениет, ғылым, білім, жалпы көптеген салада ынтымақты күшейттік. Тығыз әрі конструктивті диалогтың арқасында жақында визалық рәсімді жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздерді бастағанымызға қуаныштымын. Еуропалық кеңестің Президенті Антониу Коштаның елдеріңізге сапары, Президент Тоқаевпен жоғары деңгейдегі кездесулері ынтымақтастығымыздың маңыздылығын көрсетеді.

Қазақстан – Еуропалық Одақпен тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутек құны тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойған аймақтағы тұңғыш ел. Келісімді жүзеге асыру үшін жол картасы қабылданған. Соған сәйкес, қос тарап жасыл экономикаға көшуге бағытталған нақты жобаларды көбейтуге құлшынып отыр.

Сергей Лагодинский, Еуропалық парламент депутаты:

Біз Қазақстанмен жасыл технологиялар, энергияның баламалы көздерін дамытуға қажетті батарея, жасыл сутегі өндірісі және цифрландыру бойынша ынтымақты күшейтуге ниеттіміз. Қазақстанда мықты IT мамандар көп, біз солардың әлеуетін пайдалануымыз керек. Сондай-ақ біз ЕуроОдақта ғарыш технологиясын дамыту бойынша заң қабылдамақпыз. Осы ретте ғарыш айлағы бар Қазақстан біздің басты серіктесіміз бола алады.

Томаш Здеховский, Еуропалық парламент депутаты:

Елдеріңіздегі демократиялық реформалар, саяси экономикалық өзгерістер Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет екенін көрсетеді. Қазақстан мен ЕуроОдақ мызғымас дос, сенімді серіктес ретінде өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда.

ЕуроОдақ Транскаспий көлік дәлізін дамытып, Қазақстанмен көлік-логистика саласында ынтымақты күшейтуге ниетті. Қос тарап өкілдері әуе қатынасы туралы көлденең келісімге қол қою жұмыстарын аяқтауға жақын. Жаңа келісім бекісе, ЕуроОдақ елдері мен Қазақстан арасында әуе қатынасы кеңейіп, байланыс одан сайын беки түседі, дейді дипломаттар. Былтыр өзара сауда айналымы 50 млрд долларды құраған. Құрмет пен сенімге құрылған серіктестіктің арқасында қос тарап алыс-берісті еселеуден үмітті.

Бөлісу