Басты Жаңалықтар Бір картинада - жүз тұлға

Бір картинада - жүз тұлға

Ақтаулық суретшілер қазақ тарихында із қалдырған тұлғалар мен бүгінгі қоғамның танымал өкілдерін бір картинаға бейнелеген. Ұзындығы төрт метр шығармада жүз адамның бейнесі бар. Авторлар туындыны үш ай бойы салып, еліміздің бірнеше өңірінде көрмеге ұсынған. Шығармашылық топ енді сапарын Астанада жалғастыруды жоспарлап отыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бұл - ұзындығы 4 метрлік ерекше туынды. Бір картинада тарихта із қалдырған тұлғалардан бастап, қоғам қайраткерлері мен өнер және спорт саласының бүгінгі танымал өкілдеріне дейінгі 100 адамның бейнесі тоғысқан. Картина көлемімен ғана емес, мазмұнының тереңдігімен ерекшеленеді.

Тарихтың әр кезеңі, тағылымы мол тағдырлар мен ел жадында сақталған есімдер. Бір қарағанда, әрқайсысы жеке тарих секілді. Ал мына картинада олардың барлығы біртұтас композицияға айналған. Суретшілер туындыны жай ғана портреттер жиынтығы емес, ұлттың өткені мен бүгінін жалғаған көркем шежіре ретінде ұсынған. Мұнда көне түркі дәуірінен бастап, Алтын адам, қазақ хандары, Ұлы Отан соғысының батырлары, ғылым мен өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар және қазіргі заманның танымал тұлғалары бейнеленген.

Инна Ермакова, суретші:

Бұл - біз салған ең үлкен көпфигуралы композиция. Өзіміз мұны «бір картинадағы жүз картина» деп те атаймыз. Себебі әр тұлғаның ел тарихында өзіндік орны бар. Біз осылай Қазақстанның тарихын, мәдениетін және дамуына үлес қосқан адамдарды бір туындыға біріктіргіміз келді.

Туындыны Инна Ермакова мен Әсел Мұсағалиева үш ай бойы бірге салған. Олардың шығармашылығына туған өлкенің табиғаты, қазақ халқының салт-дәстүрі мен көне фотосуреттер арқау болған. Суретшілер әсіресе ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін, киім үлгісін, әшекейлерін заманауи көркемдейді.

Әсел Мұсағалиева, суретші:

Біз ескі фотосуреттерге қарап, сол кездегі адамдардың қалай киінгенін, қалай өмір сүргенін зерттейміз. Қара-ақ түсті суреттерді бояумен жандандырып, киімдегі ою-өрнек пен әшекейлерді көлемді етіп көрсетеміз. Осылайша кейінгі ұрпаққа ата-бабаларымыздың өмірін, мәдениеті мен дүниетанымын көркем өнер арқылы жеткізуді көздейміз.

Суретшілердің бұдан бөлек, авторлық әдіспен салынған 13 картинасы бар. Олар еліміздің бірнеше өңірінде көрме өткізіп, енді туындыларын Астанада таныстыруды жоспарлап отыр.

Бөлісу