Түркістан облысында мақта жинау науқаны аяқталуға жақын
Түркістан облысында мақтаны жинау науқаны қызып тұр. Биыл ақ алтынды 173 мың гектарға еккен шаруалар алғашқы терім жұмыстарын аяқтауға жақын. Алқапқа озық технологияларды енгізге бастаған оңтүстік диқандары жарты миллион тоннадан астам өнім алуды межелеп отыр. Әсіресе Мырзашөл өңіріндегі мақта қабылдау пункттеріне өнім тоқсаусыз тасымалданып, жатыр. Шаруалар биыл ағын судан да, қажетті тыңайтқыштардан да қиындық көрмегенін айтады.
Жетісай ауданда биыл ақ алтын 45 мың гектар жерге егіліп, шаруалар 80 пайыз өнімді жинап үлгерген. Базбір қожалықтар екінші терімге кіріскен. Жергілікті сорттар мен Өзбекстан, Түркия, Қытайлық шиттерді еккен диқандар гектарына 30 центерден өнім алуда. Биыл шаруалар судан қиындық көрмеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың арқасында мол өнім жинап, зауыттарға өткізіп жатырмыз дейді.
Батырбек Бекмұратов, Шаруа қожалығының төрағасы:
Соңғы жеті жыл көлемінде мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы өнімін өндіруге көп жәрдем болып жатыр. Ерте көктемде жерді өңдеу үшін төмен пайызбен несие беріп жатыр. Жанаржағармайды да, тыңайтқыштардың да жеңілдетілгені бар. Құртқа қарсы дәрілері, судың да субсидиялары бар.
Бүгінде агросектор қара күшке емес, озық технологияға сүйенеді. Әрі мол өнімнің сыры су үнемдеу жүйесінің енгізілуінде дейді диқандар. Инновациялық тәсілді алғашқылардың бірі болып жетісайлық шаруалар да енгізіп отыр. Тыңайтқыштарды дронмен шашып, су үнемдеу технологиясымен суарылады. Ал алқаптағы ақ алтын қолмен емес, арнайы техникамен жиналады. Себебі шаруа қожалықтары арнайы жеңілдетілген бағамен жаңа техникалар алуда.
Ерасыл Зекен, Жетісай аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы:
Терім машиналары биылғы жылы 10 пайызға артқан. «Казагроқаржы» ұйымы арқылы 5 пайыз жеңілдетілген лизинг арқылы агрегаттар мен техникаларды алып жатыр. Барлық агрегаттарды қосатын болсақ, биыл қазіргі таңға дейін 241 техника мен агрегаттар алынып отыр.
Қазір өңірде 29 зауыт мақта қабылдауда. Биыл шитті мақтаның келісі 230 теңге деп белгіленген. Ендігі мақсат — мақтаны тек шикізат күйінде сату емес, оны терең өңдеп, дайын тоқыма өнімдерін шығару көзделуде. Бұл бағытта өңірде толық өндірістік тізбек құрылуда.
Қараша айының алғашқы он күндігінде терім жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Жалпы 2030 жылға қарай аймақта 212 миллиард теңгеге 5 кластерлік жоба іске асырылмақ. Бұл шикізатты терең өңдеп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы