Басты Жаңалықтар Еліміздің экобастамаларын сарапшылар жоғары бағалады

Еліміздің экобастамаларын сарапшылар жоғары бағалады

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Қазақстанның ұсынысымен 22-ші сәуірді Жер шарын көгалдандырудың халықаралық күні деп жариялағаны белгілі. Бұл шешім табиғатты қалпына келтіру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолында мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруді көздейді. Бұл бастамаға шетелдік сарапшылар қандай баға береді? Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтасын.

Бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен көтерген болатын. Қарарды 140 мемлекет қолдады. Игі іс аумақтарды абаттандырумен ғана шектелмей, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды көздейтін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының мақсаттарымен үндес. Британиялық сарапшылар тың қадамды қоғамның табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге ықпал ете алады деп есептейді.

Ричард Гримметт, Birdlife International халықаралық табиғат қорғау ұйымының аға кеңесшісі:

Бұған таң қалмасқа болмайды. Бір байқағаным Қазақстанда осындай ауқымды істер қолға алынғанда оның басы-қасында үкімет өкілдері, азаматтық қоғам ұйымдары және халықаралық серіктестер бірге жүріп, әрекет етеді.

Қазақстанның табиғатты қорғау жобалары бұған дейін де халықаралық деңгейде мойындалған болатын. Соның бірі – ақбөкен популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін «Алтын дала» бастамасы. Британиялық сарапшылар табиғатты қалпына келтіру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында ынтымақтастықты дамытуға дайын екендерін білдіріп отыр.

Руперт Гудман, британ-қазақ қоғамының төрағасы:

Ұлыбритания Қазақстан ұсынған бастамаларды қолдауға ниетті. Атап айтқанда, тәжірибе алмасу және жасыл технологияларды енгізу бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған қарар халықаралық экологиялық ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады, дейді мамандар. Ендігі басты міндет – бұл бастаманы нақты істермен жүзеге асыру.

Бөлісу