Студент егіс алқабын ЖИ арқылы талдайтын платформа әзірледі
Қызылордада Қорқыт ата университетінің студенті егіс алқабын жасанды интеллект арқылы талдайтын интеллектуалды платформаны іске қосты. Ғылыми жоба цифрлық жүйеге сүйене отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған. Тілшіміз Әділбек Серікұлы білімпаз жастың ойлап тапқан жаңашылдығымен танысып қайтты.
Нұрдәулет Дүзенов егін шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамыту заман талабы деп есептейді. Ол екі жылдан бері осы саланы зерттеп, зерделеп «AgriX» платформасын әзірлеген. Яғни, жерсерік арқылы егіс алқабының топырағын жасанды интеллект арқылы талдап, дақылды күтіп-баптау бойынша нақты мәлімет алады. Биыл жоба жүгері алқабында сыналып, оң нәтиже берген.
Нұрдәулет Дүзенов, Қорқыт ата университетінің студенті, жоба авторы:
Фермерлерге ауа-райын, топырақтың ылғал деңгейін және сол барлық деректерді талдап, бағалап ұсыныс беретін құрал керек. Біз бір пилоттық тәжірибе өткіздік. Олар 7 тонна жүгері алған бір гектарынан. Біздің көмегімізбен 10 тоннадан аса өнім алды.
Қазіргі таңда интеллектуалды платформаға елімізде өсірілетін 62 ауыл шаруашылығы дақылы еніп тұр. Яғни, цифрлық жүйеде әр өнімді өсірудің түрлі алгоритімі бар. Жасанды интеллект мамандығы бойынша біліп алып жатқан 2 курс студенті бүгінде университет ғалымдарымен бірлесіп жобаны әлі де жетілдіріп жатыр.
Рахат Құрманбаев, биология ғылымдарының кандидаты:
Экологиялық апат аймағы статусын ескеретін болсақ мұндай жұмыстар өте қажет. Біздің климаттың ерекшелігін ескеріп, нақты егу мерзімін, дақылдарды қоректендіру режимін анықтауға өте тиімді заманауи әдіс-тәсіл деп ойлаймын.
Ізденімпаз жас алдағы уақытта ғылыми жобасын ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданысқа енгізуге ниетті. Бұл жаңашылдық ырзық-несібесін жерден тапқан шаруалардың өнімін арттырып, табысын ұлғайтуға сеп болатынына сенімді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы