Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында антреприз театры ашылды

12.01.2015
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында антреприз театры ашылды

Алматыдағы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы оқу театрының сахнасында «Сафуан Рысбайұлының антреприз театры» деп аталатын жаңа өнер ұжымының тұсаукесері өтті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.

Жаңа антреприз театры сахнаға француздың классик жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» ертегі-тәмсілі бойынша қойылған спектакльді шығарды. Ол моноспектакль түрінде, яғни сахнада бір ғана актердің ойын көрсетуі арқылы қойылды. Оны Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық жасөспірімдер театрының актері Сафуан Рысбайұлы орындады.

Спектакльді режиссер Болат Әбдірахманов қойды. Оның инсценировкасын Болат Әбдірахманов пен Сафуан Шаймерденов жасаған. Ал ертегі мәтінін қазақ тіліне Ж.Қонаева аударған.

Сахнада ұшқыш, кішкентай ханзада, раушан гүлі, патша, атаққұмар, маскүнем, іскер адам, географ, шырақшы, түлкі, жылан сынды кейіпкерлер көрінеді. Ал оқиғаның негізгі желісі жылан, түлкі және раушан гүлі іспеттес үш аллегориялық геройлардың арасында өтеді.

Спектакльдің фабуласы оның персонажы – ұшқыштың бұдан бірнеше жыл бұрын Сахараның шөлінде, алыстағы бір елсіз жерде кішкентай ханзадамен кездейсоқ кездесіп қалғанын әңгімелеуінен басталады. Сахнада осы сәттерде басқа планетадан келген адамдардың саяхаттары жер бетіндегі оқиғалармен астасып, тақырыпты аша түсуге қызмет етеді. Адамдар арасынан дос іздеген кішкентай ханзада ең соңғы аялдамада ғана өз дегеніне жетеді.

«Спектакльдің басты кредосы адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған. Оның түйінді сөзі «Жаныңда жүр жақсы адам» дегенге саяды. Ол адамдар арасындағы үйлесімділікті ту етіп көтереді. Ал адамдарды жақсы көру, оларға жақсылық жасау деген қатар отырып алып, бір-біріңді мақтау мен марапаттау емес, оны өзіңмен бір бағытта ала жүріп, жақсы жолға салуға негізделеді. Міне, спектакльдің басты айтпағы да осы», — деді тұсаукесер қойылымнан соң Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы, театртанушы Жаңагүл Сұлтанова.

Бір айта кететін жайт, оқу орны жанынан ашылып жатқан «Сафуан Рысбайұлының антеприз театрының» табанынан тік тұрып кетуіне «Тамшы» ғылым және мәдениет қоры құрылтайшылық жасады.

сурет: ras.kz.

Хабарламаларға жазылу