Қазақстандық «Қожайындар» фильмі азиялық «Оскарға» үміткерлер қатарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық «Қожайындар» фильмі азиялық «Оскарға» үміткерлер қатарында

28.10.2014
Қазақстандық «Қожайындар» фильмі азиялық «Оскарға» үміткерлер қатарында

Азиялық «Оскар» деген атпен танымал Дәстүрлі «Asia Pacific Screen Awards» жүлдесіне үміткерлер тізімі жарияланды.  Бұл тізім арасында қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильмі де бар.

Картина екі аталым бойынша – «Үздік фильм» және «Үздік оператор» жүлделеріне ұсынылған. Австралия кино академиясының бас жүлдесіне «Зимняя спячка» (Түркия - Франция), «Левиафан» (Ресей), «Я не злой» (Иран) және «Воспоминание на камне» (Германия - Ирак) фильмдері де үмітті.

Айта кету керек, «Қожайындардың» әлемдік премьерасы 2014 жылдың мамыр айында Канн фестивалінде көрсетілген. Одан кейін режиссер Әділхан Ержановтың туындысы  Словакия, Голландия, Польша, Сингапур, Оңтүстік Корея, Ресей, Канада, Францияда өткен кинофестивальдерге қатысты.

Фильм сюжеті бойынша, ағайынды екі жігіт пен олардың әпкелері елдегі коррупциялық жүйенің салдарынан баспаналарынан айырылады. Полиция қызметкері болып жұмыс істейтін туысы бар ауылдастары ағайындыларды өз үйлерінен қуып шықпақ болады. Ал, жастардың бұларға жақтаса қоятын туысы да болмайды. Алайда, олар өз үйлерінен себепсіз кете салуға да көнбейді.

Картинаның операторы - 23 жастағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті Еркінбек Птырәлиев.

«Asia Pacific Screen Awards» жүлдесінің жеңімпаздарын халықаралық қазылар алқасы анықтайды. Олардың қатарында атақты кинематографстер Асхар Фархади (Иран) және  Энтони Джен (Сингапур) бар. APSA жүлдесін беру рәсімі 11 желтоқсанда Австралияның Брисбен қаласында өтеді.

Хабарламаларға жазылу