Басты Жаңалықтар «Әділет» партиясында агроөнеркәсіп саласының өзекті мәселелері талқыланды

«Әділет» партиясында агроөнеркәсіп саласының өзекті мәселелері талқыланды

«Әділет» партиясында агроөнеркәсіп саласының өзекті мәселелері талқыланды

Астанада «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесінің агроөнеркәсіп кешені мәселелері жөніндегі салалық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, астық нарығындағы мәселелер және аграрлық секторды мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.

Отырысқа Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен салалық қауымдастық мүшелері қатысты. Кеңес жұмысына Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Әбілхайыр Тамабек төрағалық етті.

Партия төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев ауыл тұрғындарының табысын арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта ауылдық жерлерде өндірістік нысандар салуға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша қаржыландыру шегін 80 миллион теңгеге дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Кездесуде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау мәселесіне де назар аударылды. Әбілхайыр Тамабек кооперативтерді қаржыландыру нормативін 100–120 миллион теңгеге дейін көтеру ауыл тұрғындарын ортақ өндірістік жобаларға тартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Талқылау барысында шаруалар жайылымға қолжетімділік, жер телімдерін рәсімдеу, салықтық шегерімдер және субсидия алу тәртібіне қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарынан сатып алынған сүт көлемін растайтын ішкі есеп құжаттарының салықтық шегерім жасауға жарамсыздығы қайта өңдеу кәсіпорындарына қосымша қаржылық жүктеме түсіретіні айтылды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов кооперация туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарға тоқталды. Жоспарланған түзетулер кооператив мүшелерінің мүліктік құқықтарын нығайтуға, басқару жүйесін жетілдіруге және пайданы бөлу тәртібін оңтайландыруға бағытталған. Сондай-ақ астық экспорты кезіндегі көлік шығындарын қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланды.

Астық нарығына қатысты мәселелерді талқылау кезінде Қазақстанның астық одағы құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруашылықтардың қаржылық жағдайын жақсарту жөнінде ұсыныстар білдірді. Олардың қатарында күнбағыс тұқымына экспорттық баж салығын уақытша нөлге дейін төмендету және көлік субсидиялары бойынша берешекті қайтаруды жеделдету бар.

Отырыс қорытындысында салалық кеңестің агроөнеркәсіп кешеніндегі мәселелерді жүйелі түрде қарастыратын тұрақты жұмыс алаңы ретінде қызмет ететіні атап өтілді. Партия бизнес өкілдері мен салалық қауымдастықтардың ұсыныстарын жинақтап, оларды заңнамаға, Салық кодексіне және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру тетіктеріне өзгерістер енгізу кезінде қарастыруды жоспарлап отыр.

photo_2026-10-16_17-48-54.jpg

photo_2026-10-16_17-49-04.jpg


photo_2026-10-16_17-48-34.jpg


photo_2026-10-16_17-48-48.jpg


photo_2026-10-16_17-48-41.jpg






Бөлісу