ТШО 30 жылдан бері жергілікті компаниялардың тауары мен қызметіне 52 млрд доллар жұмсаған
«Теңізшевройл» компаниясы Оралда өткен Мұнай-газ машина жасау форумы мен Операторларының ашық есік күніне қатысты. Энергетика министрлігінің қолдауымен Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту жөніндегі халықаралық орталығы ұйымдастырған іс-шара елдегі жетекші саланы одан әрі дамытуға бағытталған. Қазақстандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ жобаларына қатысу мүмкіндігін талқылау үшін мемлекеттік органдар, мұнай-газ операторлары, отандық өндірушілер, сервистік компания өкілдері бір алаңда бас қосты.
Форум, әуелі, отандық өндірушілердің көрмесімен ашылды. Онда 40-қа жуық кәсіпорынның мұнай-газ саласына қажет құрал-жабдықтары көпшілік назарына ұсынылды. Бүгінде олар ірі мұнай-газ жобаларына қатысып, «Теңізшевройл» сияқты жетекші компаниялардың сенімді серіктесіне айналып отыр. Компания 30 жылдан бері жергілікті қамтуға 52 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсаған.
Уильям Лакоби «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры:
Тек биылдың өзінде ТШО қазақстандық компаниялардан 1,8 миллиард АҚШ долларына тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алды. Бұл көрсеткіштер жергілікті кәсіпорындардың әлеуеті мен өндірістік мүмкіндіктерінің жоғары екенін дәлелдейді. ТШО Қазақстан Республикасы Үкіметімен және IMBC форумымен бірлесіп, қазақстандық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.
Компания биыл жергілікті қамту деңгейін 72%-ға дейін арттырды. Бұл соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Өңір кәсіпорындарымен мұнай-газ жабдықтарын, химиялық өнімдерді, жылу оқшаулағыш материалдарды, жеке қорғаныс құралдарын жеткізу бойынша ынтымақтастық орнатқан. Өзара келісімді нығайтуда осындай ірі форумдарды өткізудің маңызы зор.
Дастан Әбішев, IMBC компаниясының бас директоры:
Ең бастысы - жаңа жұмыс орындар ашу, онымен қоса, жаңа өндіріс. Ол мультипликативті әсерін береді. Сонымен қатар өзге де салалар жан-жақты дамып келеді, халықаралық стандарттарға сай.
Форум аясында «Теңізшевройл» компаниясы құны 200 миллион АҚШ доллары болатын келісімшарттарға қол қойды. Жаңа құжаттар мұнай-газ машина жасау саласын одан әрі дамытуға, отандық кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге, қосымша жұмыс орындарын ашуға зор ықпал етеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы