«Таза Қазақстан»: төрт өңірде 150 тоннадан астам қоқыс жиналды
13-16 қазан аралығында «Әділет» партиясының жастар қанаты «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында road-эстафета өткізді. Қатысушылар Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтып, шамамен 1 800 шақырым аумақты тазалады. Нәтижесінде 150 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Шығыс Қазақстан облысында өткен қорытынды кезеңге Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр қатысты. Ол табиғатты қорғау мен тарихи-мәдени нысандарды сақтау қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитовтың айтуынша, акцияның мақсаты – аумақтарды тазалаумен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастарды қоршаған ортаны қорғауға тарту.
Эстафета аясында ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, олардың ұсыныстары мен өтініштері жиналды. Сондай-ақ «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қатысушылар «Вандализмге жол жоқ!» акциясы шеңберінде Абай облысындағы Жидебай қорығының аумағын тазалап, Павлодар облысындағы Кемпіртас жартасы мен Шығыс Қазақстандағы Ақбауыр тарихи кешенін сақтау мәселесіне назар аударды.
Экологиялық эстафета табиғи және тарихи нысандарды қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және жастар арасында экологиялық мәдениетті дамыту бағыттарын қамтыды.




Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы