Елордада демалыс күндері Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада демалыс күндері Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді

09.10.2014
Елордада демалыс күндері Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді

Алдағы сенбі-жексенбі күндері қала әкімдігінің алдындағы орталық алаңда Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Әр аймақ елордаға өзіне тән базарлығын алып келеді.

Атап айтсақ, шығыстықтар өңірдің бренді – Алтай балы мен бұғының пантасы ағыл-тегіл болады деп отыр. Одан бөлек, 12 тонна сүт өнімдері, 8 тонна өсімдік майы, 35 тонна ет, 200 тонна картоп және басқа да көкөністер, 13 тонна шұжық өнімдері, 2 тонна балық 7,5 тонна қымыз бен басқа да ұлттық дәмді артқан керуен жолға шығады.

Ал, қостанайлықтардың биылғы тоқшылық пен молшылық мерекесі Тың игерудің 60 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Әуелден қызыл қырман бастырып, қамба толы астық жинаған, Әулиекөл сиыры, Қостанай жылқысы сынды етті-сүтті бағыттағы, асыл тұқымды мал шаруашылығымен аты жайылған аймақтан жәрмеңкеге 60-қа тарта ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары қатысады. Олардың арасында «ДЭП», «Новый день», «Особа», «Корона», «Тэрра» сияқты сауда маркаларының өнімдері бар. Қостанай облысының шаруа-диқандары жалпы көлемі 500 тоннадай азық-түліктен сәлемдеме жіберіп отыр.

Облыс әкімдіктерінің хабарлауынша, тауарлар базардағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылады. Сондай-ақ, жұртшылық аймақ өнерпаздарының концертін тамашалайды, деп жазады «Астана ақшамы».

Хабарламаларға жазылу