Реджеп Тайып Ердоған Түркия президенті қызметіне ресми түрде кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Реджеп Тайып Ердоған Түркия президенті қызметіне ресми түрде кірісті

28.08.2014
Реджеп Тайып Ердоған Түркия президенті қызметіне ресми түрде кірісті

Реджеп Тайып Ердоған Түркия президенті қызметіне ресми түрде кірісті. Инаугурация рәсімі парламентте өтті.

60 жастағы Ердоған мәжіліс президиумынан оның президент болуы туралы хаттама  алып, ант берді. Осылайша, ол 10 тамыз күні жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде Түркияның 12-ші президенті болып сайланып, ресми түрде президент қызметіне кірісті.

Енді ол премьер-министр Ахмет Дәуітоғұлына жаңа үкімет құруды тапсырады. Бұл сұрақты бекіту  29 тамыз күні парламентте қаралады.

Алайда, президенттің қызметке кірісуінің хаттамалық бөлігі аяқталған жоқ. Ердоғанның және Абдулла Гүлдің бастамасымен, резиденцияда өкiлеттiктi беру салтанатты рәсiмi өтедi. Бұл дәстүр заң бойынша міндетті емес. Оны 2000 жылы президенттік қызметке келген Ахмет Недждет Сезер алып тастаған болатын. Бүгінде бұл рәсім қайта жаңғырмақ.

Салтанатты шараға 90 елдің өкілі оның ішінде президенттер, үкімет басшылары, министрлер мен дипломатиялық миссия жетекшілері де бар.

Хабарламаларға жазылу