29 тамыз күні ШҚО - да «Семей - Невада» қозғалысының 25 жылдығына арналған халықаралық дәрежедегі жиын өтеді, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпараттық орталығы.
ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен іс-шараларға басымдық берілетін Семей және Курчатов қалаларының дайындықтарын пысықтау мақсатында Семей қаласы әкімдігінде жиын өтті.
Алдымен Жақсылық Мұқашұлы мен Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов Семей қаласында іс-шаралар өтетін негізгі орындарды аралап шықты.
Әкімдікте өткен жиында ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев АҚШ, Жапония, Қытай, Италия, Израиль, Ресей сынды мемлекеттерден мәртебелі меймандар келеді, деп күтіліп отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ, әлемнің әр түкпірінен келетін мәртебелі меймандарды қарсы алудан бастап, өткізілетін жиындар, таныстырылымдар мен конференциялар төңірегіндегі жұмыстар талқыланды.
Бүгінгі күні 29 тамыз Қазақстанның бастамасымен және БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған қарар негізінде ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланды.