Басты Жаңалықтар Шалғай ауылдарға ауызсу құбыры тартылып жатыр

Шалғай ауылдарға ауызсу құбыры тартылып жатыр

Атырау облысында шалғай ауылдарды ауызсумен қамтуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып жатыр. Қызылқоға ауданында «Тайсойған-Миялы» магистралды су құбырының құрылысы қарқын алған. Құны 6 млрд теңгені құрайтын күрделі жоба алдағы қыркүйек айында аяқталуы тиіс. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Ұзындығы 73 шақырымды құрайтын «Тайсойған-Миялы» су құбыры желісі бойында 12 су ұңғымасы бар. Сондай-ақ көлемі 2000 шаршы метрді құрайтын осындай 4 резервуар салынады. Қазір мұнда екеуінің бетондары құйылып жатыр. Жалпы жұмыстар 50 пайызға аяқталды.

Құрылыс басында 10 шақты техника мен 35 адам дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Өйткені жоба қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Құрылыс материалдарынан кідіріс жоқ. Десе де аймақтың климаты қолайсыздау, дейді мердігер.

Бекім Нұғыманов, мердігер мекеме өкілі:

Қиындыққа келсек, бірінші - материалдың тасымалдануы. Шағылдың күн ыстық кездегі қиындықтары бесенеден белгілі. Көліктер өте алмайды. Бірақ соған қарамай, тасып жатыр. Екіншісі - құмды дауыл. 

Аудан бойынша бүгінде тәулігіне 1800 м3 су қажет. Ал жаңа желі күніне 6500 м3 су беруге қауқарлы. Ғалымдардың зерттеуінше, су қоры 2047 жылға дейін жетеді. Жоба толық автоматтандырылған. Алғашқы 5 жыл мердігер мекеме күтіп ұстайды. Кейін әкімдік балансына берілмек.

Нұрбек Қияқбаев, Қызылқоға аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

Тайсойған-Миялы магистарльды су құбыры Жангелдин, Жасқайрат және Миялы ауылдық округтерінің және жол бойындағы елді мекендер бар Аққора деген, сол елді мекендерді қамтамасыз етеді. Осы аталған жоба іске асқан жағдайда су тапшылығы толықтай жойылады деген сенім бар.

Айта кетейік, ауқымды жоба толығымен қайтарылған активтер қаржысы есебінен іске асып жатыр. Қазірге дейін 2 млрдтан астам қаражат игерілген.

Бөлісу