Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысындағы ең ауқымды экологиялық жоба сәтті жүзеге асты

Ақтөбе облысындағы ең ауқымды экологиялық жоба сәтті жүзеге асты

Ақтөбе облысындағы ең үлкен экологиялық жоба - Шалқар көлінің табанын тазарту жұмыстары толық аяқталды. Қазір жағалауы абаттандырылып жатыр. Бұған дейін суының бестен бірі ғана қалып, құрғап кетудің аз-ақ алдында тұрған айдынның арнасы толды. Бұл - көлді жағалай қоныстанған 28 мыңға жуық халықтың көптен күткен қуанышы.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Шағалалы Шалқар көлі – осы. Бұған дейін жиегін қалың қамыс басып, табаны қоқысқа толған еді. Оның барлығы бірнеше жыл ішінде тазартылды. Тұрғын үйлерге қауіп төндіріп тұрған жағалауы толықтай таспен бекітілді.

Көл табанын тазарту керектігі жөнінде осыдан 20 жыл бұрын айтыла бастады. Өйткені су түбіне қалыңдығы бір метрден асатын балшық пен қоқыс жиналып, экологиялық қауіп төнді. Бұрын су қоры 25 млн текше метр болса, кейінгі жылдары ол 4-5 есе азайып кеткен еді. Дегенмен үкіметтің қолдауымен 3 млрд теңге шамасында қаржы бөлініп, көлді тазарту жобасы жүзеге асты.

Медет Тасқынбаев, Шалқар қаласының тұрғыны:

Көлдің жағдайы нашарлап, экологиялық қауіп болатын. Көлді тазарту жұмыстары жүргізіліп, тазартылып және қасына парк салынып жатыр. Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы сияқты өнімдер осы көлден алынады. Сондықтан ауылымыз үшін Шалқар көлінің орны ерекше.

Көлдің арнасы суға толғаннан кейін халықтың да көңілі тоқ. Қазір жағалауда қызу жұмыс жүріп жатыр. Үш гектарға жуық аумаққа саябақ салынады. Жоба құны 451 млн теңге. Аумақ көгалдандырылып, ағаш егіледі. Айнала түгел жарықтандырылады.

Гауһар Орынбаева, аудандық Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

Балаларға арналған ойын алаңдары бар, спорт алаңдары бар, жаттығу алаңдары бар. Велодорожка дейді, жалпы жастарға жағдай жасау, демалыс орны есебінде жасалып жатыр. Көлдің жағалауына жастарға арналған демалыс орны есебінде жасалынып отыр.

Шөлейтті аймақта тұратын шалқарлықтар бұл көлдің қадірін біледі. Суын бау-бақшаға пайдалананады. Енді жағалауы әсем демалыс орнына айналады.

Бөлісу