Басты Жаңалықтар «Munaily Marathon-2026» марафоны өтті

«Munaily Marathon-2026» марафоны өтті

Ақтауда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұйымдастыруымен дәстүрлі, қайырымдылық марафоны өтті. «Munaily Marathon-2026» іс-шарасына компания қызметкерлері, кәсіби спортшылар мен Қазақстанның әр өңірінен келген тұрғындар қатысты. Марафонға қатысушылар алдымен жарна төлейді. Жиналған қаражат ерекше балалардың еміне жұмсалмақ.

Игі іске биыл - 1000 адам үлес қосты. Ережеге сай қатысушылар 5 және 10 шақырым жүгірулері тиіс. Сондықтан олар алдымен жаттығу жасап, дайындалды. Компания басшысы Асхат Хасенов барша қатысушыға белсенділік танытқаны үшін алғыс білдірді.

Асхат Хасенов«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

500 адам өзіміздің «ҚазМұнайГаз» тобының жұмысшылары болғанымен, 500 адам қала тұрғындары мен қонақтары. Жан-жақтан келіп жатыр, бүкіл Қазақстаннан қатысып жатыр. Осының бәрі - ауызбіршілік.

Дәстүрлі марафонға қатысушылар жарна төлейді. Ол қаражат биыл Жаңаөзендегі «Балақай» оңалту орталығының қажеттілігіне жұмсалады.

Жанаман Бақтөреев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері:

 «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның жас мамандары да белсене қатыстық. Эмоцияға толы, өте көп жасты көрдік, үлкен кісілерді көрдік, өзіміздің орта буынды көріп, қуандық. Және де дәл осындай қайырымдылық шараларға баршаңызды қатысуға шақырамыз, өте керемет жоба.

Гүлмира Іңкәрова, «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкері:

Тәжірибе бар, бірақ әр марафонға дайындалу керек. Себебі ол өзіңнің жағдайыңа байланысты. Мен үшін - өзімнің қосқан үлесім маңызды. «Жас мамандар кеңесінің» мүшесімін, әрдайым да осындай шараларға араласып тұрамын.

Марафон жеңімпаздары кубок және естелік сыйлықтармен марапатталды.  ҚазМұнайГаз компаниясы - Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» ауқымды бастамасына белсене қатысуда. Оған қоса, әлеуметтік жауапты компания ретінде өз қызметін жүргізетін өңірлерде білім, медицина, спорт және мәдени нысандардың құрылысы секілді ауқымды жобаларды іске асырып келеді.

Бөлісу