Липосакцияның қаупі қандай?
Соңғы үш жылда липосакцияға, яғни, артық майды сорып алып тастауға сұраныс 80 пайызға артқан. Көбі мұны артық салмақтан тез арылудың жолы деп қабылдайды. Алайда ең қауіптісі – бір операциямен бірнеше жерін түзеткісі келетін пациенттерге дәрігерлердің рұқсат беруі. Соңғы жылдары мұндай оталардың соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатқан жайттар да аз емес. Өткен аптада алматылық кәсіпкер әрі блогер Сәуле Базархан ота жасатқан күні көз жұмса, Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Ербол Айтуов операциядан кейін бір ай комада жатып, сол күйі оянбады. Жауапкершілік кімде? Клиникада ма әлде операция жасаған хирургте ме? Әріптесім Әйгерім Ердәулет тарқатады.
Липосакция - денедегі артық майды операция арқылы алып тастау. Арнайы түтікшемен іш, бел, аяқ-қол мен иек тұсындағы май сорылып алынады. Бірақ бұл арықтау тәсілі емес. Дәрігерлердің айтуынша, бұл дене пішінін түзетуге арналған күрделі хирургиялық ота. Мамандар қазір бұл операцияға 18-ге енді толған жастардан бастап, егде жастағы адамдарға дейін қызығушылық артқанын айтады. Көпшілігі спорт пен дұрыс тамақтанудан нәтиже күткісі келмейді. Алайда мұндай операцияға кез келген адам жарамайды. Дәрігерлердің сөзінше, пациенттің денсаулығы ғарышкердікіндей мінсіз болуы керек.
Сәния Аманжолқызы, пластикалық хирург, дәрігер:
Липосакция, мысалы, қант диабетімен, жүрек аурулары бар, қосымша гормоналды өзгерістері бар науқастарды алуға болмайды. Өйткені операциядан кейінгі көрсетілімдер өте төмен түсіп кетуі мүмкін. Мысалы, қан қысымы түсіп, қант көтеріліп кетуі мүмкін. Сол кезде адам комаға түсіп, наркоздан оянбай қалуы мүмкін. Липосакция бір сөзбен айтқанда сау адамға жасалынады. Өйткені өліп кету деңгейі өте жоғары.
Дәрігерлердің айтуынша, хирург операциядан кейін де пациентпен кем дегенде бір жыл байланыста болуы тиіс. Себебі ағзада күтпеген асқынулар болуы мүмкін. Ал заңгерлер пациент келісімшартқа қол қойғанымен, бұл клиника мен дәрігерді жауапкершіліктен толық босатпайды дейді. Сарапшылардың сөзінше, адам өміріне қатысты қызмет көрсететін клиникаларға бақылауды күшейтіп, тексерістен босататын мораторийға іліктірмеу керек.
Жанділдә Әжіғалиұлы, заңгер:
Негізі пациентте ешқандай жауапкершілік жоқ. Себебі ол сондай қызмет алуға келді. Өзі келісімін берді. Жауапкершілік тек қана өлімге алып келген іс-әрекеттерде. Егер дәрігердің қызметінің кесірінен осындай өлімге әкелген жағдайда қызмет көрсеткен дәрігер Қылмыстық кодекстің 310-бабаына сай 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүкмін. 4 жылдан 8 жылға дейін клиниканың бастығы айырылуы мүмкін, соттың шешемімен. 2 немесе одан көп болса, онда 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Ал липосакциядан кейін көз жұмған Сәуле Базарханға операция жасаған клиниканың есігі қазір жабық тұр. Алайда компания мамандары клиенттермен байланысты үзбеген. WhatsApp арқылы қызмет көрсетіп, жазылушыларға жауап беріп отыр. Яғни клиника жұмысы толық тоқтамаған. Қазір бұл іске қатысты құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатыр. Ал Денсаулық сақтау министрлігі ресми ақпарат тек тексеріс қорытындысынан кейін жарияланатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы