ІІІ Республикалық «Тайжарыс» радиофестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ІІІ Республикалық «Тайжарыс» радиофестивалі өтті

03.05.2014
ІІІ Республикалық «Тайжарыс» радиофестивалі өтті
Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы және «Атадан - мұра» қоры бірлесе ұйымдастыратын республикалық «Тайжарыс» балалар радиофестивалінің жеңімпаздары екі жыл қатарынан Түрік елінде өтетін Халықаралық «ART OLYMPIA» байқауына қатысып, ел намысын қорғап, жүлдемен оралып жүр.
 
Биыл ІІІ республикалық «Тайжарыс» радиобайқауына еліміздің түкпір-түкпірінен өнерпаз балалардың 500-ге жуық өтініші қабылданып, тыңдалған болса, 100- ден астамы радио эфирінен шықты, оның 100- ге жуығы финалға жолдама алған болатын. Мектеп оқушылары арасындағы «Тайжарыс» радиобайқауының қорытындысы 28-30 сәуір аралығында Щучье қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында шығарылды.
        
Байқау 3 номинация бойынша өтті: аспапта орындау, көркем сөз және вокалды орындау.
 
28-29 сәуір -10:00-18:00 аралығында байқаудың негізгі кезеңі өтсе, 20:00-21:30 аралығында қазылар алқасының мүшелері шеберлік сабақтарын өткізіп, жас таланттармен кездесті. Кездесу барысында ән өнерінің қыр-сыры, әншінің салиқалы ғұмыры, шығарма жазудың кілті, үн тазалығы мен күй өнерінің кереметтері қамтылды.
 
3 номинация бойынша 3 бас жүлде иегері болса, сол 3 бас жүлденің біреуіне «Нұр-Ай» компаниясы Түркияның Аланья қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама берді. Ол жолдаманы аспапта орындау номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген Жасұлан Алдан есімді жас өнерпаз алды. 
 
Радиобайқаудан еліміздің түпкір-түкпірінен келген балалар шат-шадыман көңіл-күйде қайтты.«Шалқар» радиосы мен «Атадан - мұра» қоры бірлесе ұйымдастыратын республикалық «Тайжарыс» радиофестивалінің негізгі мақсаты - жас таланттардың өнерін шыңдауға септігін тигізу және балалар шығармашылығын насихаттап, үздік музыкамен көркемделген көркемсөз бен балалар әндерін Қазақ радиосының «Алтын қорына» қабылдау.

Хабарламаларға жазылу