Қазығұрттық көпбалалы ана 50-ден аса немере, 8 шөбере сүйіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазығұрттық көпбалалы ана 50-ден аса немере, 8 шөбере сүйіп отыр

10.05.2024

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында тұратын көпбалалы ана Сәлима Пердеева 8 перзент тәрбиелеп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қария. Зейнеткердің жолдасы ертеректе өмірден өтіп, барлық қиындықтарды бастан өткерді. Бірақ балаларын оқытып аяқтандырған ол бүгінде елуден аса немере сүйіп, шөберелеріне қарап отыр. Өсіп-өнген, үлгілі отбасы жайлы тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Сәлима әже бүгінде үлкен әулеттің ақылшысы, бет түзер құбыласына айналған. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана бұл күнге жету оңай болмады дейді. Жастайынан еңбекке араласқан ол осы күнге дейін үйдің тірлігін атқарады. Ұрпақ тәрбиесінен де қол үзбеген. Келіндеріне де ақылын айтып, отбасының берекесін келтіріп отырады.

Сәлима Пердеева, көпбалалы ана:
Отбасындағы әйел адамның жүгі ауыр. Бала бағу, бала тәрбиелеу, барлығын үй қылудың өзі оңай емес. Шал кеткеннен кейін бәрі өзімнің басыма түсті. Биені де саудық. Жұмысты да істедік. Қазір енді құдай қаласа үйлі-жайлы болды. Құдайдың мұнысына шүкіршілік. Енді рахатын көріп жатырмыз.

Бүгінде 77 жасты алқымдаған әже ұл-қыздарынан 50-ден аса немере, 8 шөбере сүйіп отыр. Ай сайын қара шаңырақта балалары қаумалап, үлкен дастархан басында бас қосу дәстүрге айналған. Өсіп-өнген әулетте аналарының ақ батасын алып, үлкенге құрмет көрсету үрдісі де сақталған. Келіндерінің өзі ене атанып, ұрпақ сабақтастығы жалғасып жатыр.

Мейіркүл Пердеева, келіні:
Қазір өзімде екі келін бар. Мен де сол шаңырақта көрген тәрбиені сол келіндерге беріп келе жатырмын. Келіндерімізге де айтып отырамыз. Жас кездеріңде көпбалалы болыңдар, көмектесеміз деп. Көпбалалы болған жақсы ғой, бәрі бір-біріне арқа сүйеп, бір-біріне мейірімді болып өседі.

Ал шаңырақтың ер-азаматтары әйелдер қауымының қамсыз тіршілігін қамтамасыз етіп, әкелерінің ізін жалғап келеді. Осының барлығы анамыздың ақ батасы мен алғысының жемісі дейді ұлдары.

Ойрат Пердеев, ұлы:
Анамыз еңбекқорлыққа үйреткен. Бізді осылай бейнетке баулыды. Жалқау болма, ерте тұрып, кеш жат. Міне соны үйреніп өстік анамыздан. Енді біз соны баламызға қолымыздан келгенше үйреніп жатырмыз.

Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен мекені. Бүгінде Шарбұлақ ауылында тұратын Пердеевтер әулетіне көпшілік сүйсініп те, таңырқай да қарайды.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу