«Дала дауысы» ІІІ Халықаралық радиофестивалі 15 тамызда басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дала дауысы» ІІІ Халықаралық радиофестивалі 15 тамызда басталады

14.08.2014
«Дала дауысы» ІІІ Халықаралық радиофестивалі 15 тамызда басталады

15 тамызда Қазақ радиосының эфирінде әр жылдардағы қазақ әндерінің «Дала дауысы» ІІІ Халықаралық радиофестивалі бастау алады.

Биылғы фестивальге қатысуға ниет білдіргендердің қатарында Маржан Арапбаева, Қайрат Баекенов, «Формат» тобы, «Меломен», «Ринго», «Заман», «Нұр-Мұқасан», «Тарту», Құрмаш Маханов, Шахаризат Сейдахмет және сіз естімеген жаңа дауыстар бар.

Сондай-ақ, үміткерлер қатарында Ресей, Қырғыз Республикасы, Армения, Германия, Украина, Корея мемлекеттерінің  орындаушылары бар.  

«Дала дауысы»  –  ән арқылы қазақ тілін дүниежүзі елдері арасында насихаттайтын Қазақстандағы бірінші радиофестиваль.

Шараға қатысушы шетелдік үміткерге қазақ әнін орындау немесе өз халқының әнін қазақ тілінде шырқау талабы қойылған.

2012 жылдан бастау алған радиофестивальдің негізгі мақсаты - қазақ әнінің замануи бәсекеге қабілетті төлтумалық дыбысын насихаттау, жылдың үздік әндерін анықтау, жаңа таланттарға жол ашу. 

«Дала дауысы» - тек  қана радиофестиваль емес, беделді музыкалық шеру. Қазақ радиосының миллиондаған тыңдармандары интернет арқылы http://kazradio.kz/kz/programs/dala-dauysy сүйікті әндеріне дауыс беріп,  жеңімпаздарды анықтайды.

2012 жылғы І «Дала дауысына» сайт арқылы  2 мыңға жуық тыңдарман  дауыс берсе, 2013 жылы 54 мемлекеттен миллионға жуық тыңдарман қолдау көрсеткен.

Өткен 2 жылда халықаралық радиофестивальге Қазақстан, Түркия, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғыз елдерінен 200-ден астам әнші қатысып, лаурет атанды.

Жоба ұйымдастырушыларының жоспары бойынша, биылғы жылы қатысуға ниет білдірген  100 орындаушыдан 20 әнші лауреат атанбақ.

Радиофестиваль жеңімпаздары «Дәстүрлі орындаушы», «Академиялық орындаушы», «Эстрадалық орындаушы» аталымдары бойынша марапатталады.  

Сондай-ақ, фестивальдің «Жаңа есімдері» анықталып, оларға «Дала дауысының» арнайы статуэткасы мен дипломдар табысталады.  

Жеңімпаздарды салтаннатты марапаттау кеші  28 қараша күні «Қазмедиа орталық кино-концерт залында» өткізіледі.

15 тамыздан бастап, әр бейсенбі сайын сағат 19.00-де Қазақ радиосының эфирінде жүргізілетін «Дала дауысы күнделігінде» апталық қорытындының көрсеткіші жарияланып отырады.  

Бұл жылы эфирдегі апталық күнделікті фестивальдің  директоры Махат Садық ашып, жоба продюсері  Айнұр Абайқызы жүргізеді.

Тыңдаушы талғамы арқылы алғашқы бестіктен көрінген 5 шығарма финалға өтеді.

 

Хабарламаларға жазылу