8 наурыз мерекесі қалай пайда болған? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

8 наурыз мерекесі қалай пайда болған?

08.03.2014
8 наурыз мерекесі қалай пайда болған?
1857 жылдың 8 наурызынан бастап әлемдегі күллі ерлер бұл күні әйелдерге ерекше көңіл бөліп, әйелдер қауымы сүйіктілерінен сыйлық алып, мәре-сәре болып жатады. Ежелгі римдіктер көктемнің алғашқы айын әйелдер мейрамы деп таңдап алды.
 
Мереке күні әр жерде демалыс жарияланып келеді. Бірақ көпшілік бұл мейрамның қашан және қайдан келгенін біле бермейді. 
 
Мереке тарих сахнасына әйелдер құқығы үшін күресу күні ретінде шыққан еді. 1857 жылы 8 наурыз күні Нью-Йоркте тігін және аяқ-киім фабрикаларының жұмысшы әйелдері манифестке жиналады.
 
Олар 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі құрғақ жұмыс орындарын, ер адамдармен бірдей жалақы мөлшерін талап еткен еді. Әйелдер сол кездері 16 сағат тер төккен еңбектеріне өте аз жалақы алатын болған. Сөйтіп, 1857 жылы 8 наурыздан бастап кәсіподақ мүшелігіне әйелдер де кіре бастады.
 
Бұл күні бірнеше қалада да әйелдер сайлау құқығын талап етіп, шеруге шығады. 1910 жылы Копенгагенде өткен халықаралық конференцияда Клара Цеткин 8 наурыз күнін халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы ұсыныс жасайды.
 
Бұл әлемнің төрт бұрышындағы әйелдерге өз құқықтары үшін күресу үндеуі еді. Сонымен қатар, әйелдерді кедейшілікке қарсы, еңбекті бағалау, ар-ожданды қадірлеу, бейбітшілік үшін күресуге шақырады. Бұл мейрам 1911 жылы 19 наурызда Австрия, Дания, Германия, Швейцария елдерінде аталып өтті.
 
Ресейде бұл мейрамның бастауы 1913 жылы Петербургте қала басшылығына «әйелдер мәселесі» атты өтініштен басталады. Биліктегілер бұл өтінішті қабылдап, Полтава көшесінде орналасқан Калашникова нан биржасында 1,5 мың адам жиналған жиналыста әйелдердің сайлау құқығы, аналық құқықты мемлекет тарапынан қорғау сияқты мәселелерді көтерді.
 
Кеңес Үкіметі кезінде 8 наурыз мемлекеттік мейрам дәрежесіне көтеріледі. Уақыт өте бұл мейрам саяси мәнін жоғалта бастайды. Кеңес Үкіметі тарағаннан кейін де 8 наурыз мейрамы ТМД елдері арасында әлі де тойланып келеді.
 
Әзірбайжан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Молдавия, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Беларусь елдерінде Әйелдер күні ретінде аталып өтсе, Армения мен Өзбекстанда аналар күні болып саналады. 

Хабарламаларға жазылу