Павлодарда Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналған шаралар өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналған шаралар өтуде

14.02.2014
Павлодарда Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналған шаралар өтуде
 
 
Павлодарда қазақ киносының жұлдызды режиссері Шәкен Аймановтың 100 жылдығы кеңінен аталып өтілуде.
 
Облыстық кітапханада режиссерге арналған «Ұлттық өнерді асқақтатқан» деген көрме қойылды. Экспозицияда оның өмірі мен шығармашылығы туралы жүзден астам кітап, альбом, журнал мен электронды басылымдар бар.
 
Сондай-ақ  «Шәкен Аймановтың кинофильмдерінен әндер» атты ән кеші өтті. Қазақстан көрермендерінің сүйікті әрі танымал киноленталарына айналған «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Алдар Көсе» фильмдерінен әуендер шырқалды.
 
Ай соңына дейін кітапханада Айманов түсірген кинофильмдерді таныстыратын кинолекторий жұмыс істейді. 
 
Қазақ киносының алғашқы режиссерінің 100 жылдығын қала тұрғындары Достық үйінде атап өтті. Шығармашылық кеш Ш.Аймановтың кинематографиялық және әртістік талантына тәнті болғандардың басын қосты.
 
Айта кетерлігі,  Павлодар қаласында режиссердің есіміне кинотеатр берілген. Бұған қоса, оған арналған Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайында тұрақты экспозиция жұмыс істейді. Онда режиссердің жеке заттары, фотосуреттері мен құжаттары қойылған. 
 
Сонымен бірге, жыл сайын режиссердің туған жері  Баянауылда «Шәкен жұлдыздары» фестивалі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оған танымал қазақстандық әртістер мен музыканттар қатысады.
   

Хабарламаларға жазылу