Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толды

15.02.2014
Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толды
  Қазақтың көрнекті режиссері, қазақ кәсіби кино өнерінің негізін қалаушы, даңқты актер, КСРО Халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай бүгін өнерсүйер жұрт пен Аймановтың туыстары оның Алматының орталық зиратындағы бейітіне барып, тәу етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Халық әртісі 1914 жылы 15 ақпанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ұлы тұлғаның ғасырлық мерейтойына орай бүгін сағат 17.00-де «Арман» киноорталығында еске алу кеші өтеді. Шара барысында оның «Біздің сүйікті дәрігер» музыкалық кинокомедиясының жаңа заманға сай өңделген нұсқасы көрсетіледі.

Аймановтың атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаевтың айтуынша, дарынды кинорежиссердің мерейтойы бүкіл Қазақстан бойынша тойланады. Баянауылда және Павлодарда режиссердің мүсіні орнатылады.
 
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Орсариевтің айтуынша, өңірде Шәкен Аймановқа ескерткіш қойылған, оның атында мектеп пен мұражай бар. Көктемде Павлодар облысында Шәкен Айманов фильмдері әуендерінің фестивалі болады. Сонымен бірге, облыс орталығында көрнекті режиссер фильмдерінің апталығы өтеді.
 
Оның есімі қазақ мәдениетінің бір бөлігі іспетті. 2003 жылдан бері Алматыда «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалі өтіп тұрады.

 

 

Хабарламаларға жазылу