Болашаққа, табиғат құбылыстарына болжам жасау – қазақ халқында ежелден келе жатқан үрдіс. Адам өміріне, ауа райына, табиғаттың тосын мінезіне алдын ала болжам жасаушы балгерлердің тәсілдері де әртүрлі болған. Олар болжам жасауда пайдаланған заттарына қарай құмалақшы, жауырыншы, жұлдызшы, тамыршы, есепші, алақан-саусаққа қараушы т.б. болып бөлінген. Ата-бабадан келе жатқан үрдісті жалғастырушылар бүгінгі күні де бар. Ал олар босаға аттағалы тұрған жылқы жылы туралы қандай болжам айтады? Осы сұрақты «Алаш айнасы» газеті жұлдызшыларға қойған екен.
Райгүл ТІЛЕУОВА, халық емшісі, құмалақшы:
Менің атам бәйгеге қосқан аттардың қайсысы нешінші болып келетінін дөп басып айтатын көріпкел болған екен. Атамның сол қасиеті маған дарыды. Тылсым күш ұстаздықты қойғызып, емшілікке әкелді. Құмалаққа қарасам, сүйіншісі бар. Демек, жыл қуанышқа мол болмақ. Ауа райы тосын мінез көрсетпейді. Су мол болады. Соған қарамастан, кей аймақта қуаңшылық қаупі бар. Жалпы, астық бітік шығады. Тер төккен адам үшін келер жылдың табысты болары анық. Саяси алаңда айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Алдағы жыл ақиқаттың үстемдік құратын жылы болады. Жемқорлыққа қарсы күрес күшейіп, талай жеп-ішер ұсталады.
Айсұлу ӘМЗЕЕВА, халық емшісі, жауырыншы:
Әр хан ордасында жауырыншының болғаны тарихтан белгілі. Көшпенді халық өмірінде олардың алар орны ерен болған. Олар мал шығынының алдын алу үшін ауа райын болжап, жайлауға, қыстауға қай уақытта көшу керек екенін анықтап отырған. Жауырынмен бал ашу – әркімге беріле бермейтін қасиет. Емшілік қасиет менің арғы аталарымда болған. Осы орталықта халықтық еммен айналысқаныма 23 жыл болды. 2000 жылы Бекет Ата түсімде аян беріп, жауырын ұсынды. Содан бері жауырынға қарап бал ашамын. Алдағы жылға болжам айтар болсам, жалпы, келер жыл жайлы болады. Жер сілкіну, су тасу сияқты қауіп жоқ.Қар көп түседі. Шөп мол болып, шаруаға жайлы жыл болмақ. Саяси сахнада тамыз айларында жеті ауыс-түйіс болады. Жоғарғы жақтағы беделді лауазымдардың біріне халық қамын ойлайтын саясаткер келеді. Әрине, мен әулие емеспін, жауырында нені көрсем, соны айтамын. Кейде жауырын ештеңе көрсетпей қоятын кездер де болады.
Назарбек ҚОЖАМСЕЙІТОВ, жұлдызшы:
Жылқы – үйірімен жүретін жануар, сондықтан жылқы жылын отбасымен қарсы алған жөн. Бапталған тұлпар бәйгеден озады. Яғни іс бастарда тыңғылықты дайындалған абзал. Болжамға келсек, 2014 жылы біраз құпияның беті ашылады. Ауа райы құбылмалы болады. Қаңтардың 1-8 аралығында үлкен мерекелер, той өткізуден сақ болған дұрыс. 7-8 ақпан күндері көлік апаты қауіпі басым. 1-8 наурызда аспан жұлдыздарының әсерінен техногендік апаттар артады. Өрт қаупі де жоғары. 2-11 сәуір аралығында денсаулыққа мән беру керек. Тұмау-сырқау көбейеді. Сәуірдің 16-23 аралығында табиғи апаттар болуы мүмкін. 9-12 мамырда солтүстік аймақтарда боран болады. 24-27 мамыр аралығында қар жауады. Оңтүстікте жаңбыр жауады. Маусым айының 1-12 аралығында үлкен жиын өткізуден бас тартқан дұрыс.