Менингит жұқтырғандар саны көбейіп жатыр. Сондықтан, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында кезектен тыс алдымен Елжан Біртановтың жағдайға қатысты есеп беруін сұрады. Денсаулық сақтау министрі Үкімет мүшелері алдында баяндама жасап жатқан сәтте Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Твиттерде» жазба жариялап, еліміздің Бас дәрігерін сынға алды. Менингококк инфекциясына тосқауыл бола алмағаны үшін әлеуметтік желілердегі жұртшылықтың да министрден меселі қайтып отыр.
Үкіметтің кезекті отырысында кезектен тыс мәселе. Елді елең еткізген індет дендеп барады. Бақытжан Сағынтаев мінберге бірден Біртановты шақырды. Денсаулық сақтау министрі кестесі, есебі бар баяндамасын ұсынды. Жыл басынан бері менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ел бойынша 593 адам дәрігерге жүгінген. Оның 213-і ауруханаларға жатқызылды.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Олардың арасында 58 науқаста менингококк инфекциясы расталды. 14 жасқа дейінгі балалардың саны - 21. Қазіргі таңда науқастардың 10-ы ауруханалардан емделіп шығарылды. 55 науқас ем алып жатыр. 13 өлім жағдайы тіркелген. Оның ішінде Алматы облысында 4, Қызылорда облысында 1, Оңтүстік Қазақстан облысында 2 және Алматы қаласында 6 адам. Өкінішке қарай, қайтыс болғандардың арасында балалардың саны - 6.
Дегенмен, бұл статистика дабыл қағарлық емес. Өйткені, министрдің айтуынша, менингококк инфекциясының орташа деңгейі 100 мың адамға 2,1 болған сәтте алаңдауға болады. Ал, біздің елде бұл көрсеткіш әзір 0,3 болып тұр. Сондықтан, министр жаппай екпе егудің қажеті жоқ екенін тағы бір мәрте жеткізді. Алайда, сан жүзінде жағдай талапқа сай болғанымен, Үкімет басшысы бұл саланың кем-кетігі аз емес екенін ескертті.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:
- Бұл мәселе халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Сол себептен, жай ғана айтып өту аз. Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Екінші мәселе, вакцина көп талқыланып жатыр. Вакцина егу керек пе, екпеу керек пе?! Кеше маған қабылдауға үлкен кәсіпорын басшысы келіп, осы мәселе туралы сұрады. Оны айтып жеткізіп жатқан ешкім жоқ.
Екпенің құны да Үкімет басшысын қынжылтты. Бір өңірде ол 20 мыңнан, енді бір аймақта 40 мың теңгеден сатылуда. Осыған орай, Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдеріне бағаны реттеп, жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, шұғыл көмек керек кезде науқасты ең жақын ауруханаға жеткізуді міндеттеді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:
- Облыстық науқас, қалалық науқас деп ауруханаларға қабылдамайды. Елжан Амантайұлы, мұндай мәселелерді жедел шешу керек. Талғардан Қаскелеңге жеткенше қай заман? Неге оны қалаға, Алматыға орналастыруға болмайды?!
Үкімет басшысының сынына іліккен министрді бұл сәтте Сенат Төрағасы да виртуалды түрде қамшылап алды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Твиттерде» былай деді:
- Менингит инфекциясына қатысты жағдай өрескел болып табылады. Жауапты министрліктің жайбасарлық пен батылсыздық танытып отыруы кешірімсіз. Парламент Сенатының депутаттары Үкіметке сұрау жібереді.
Үкімет отырысынан соң Елжан Біртановты журналистер қауымы қаумалап алды. Министр айтылған сындардың барлығын ескеріп, жағдайды жіті бақылайтынына уәде етті.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Өткен жылы бұйрықпен бүкіл жедел жәрдем көмек береді дегенбіз. Бұл бұйрық бойынша жедел жағдайда науқастар тікелей ең жақын тұратын медициналық мекемеге жеткізілуі қажет. Өкінішке қарай, кейбір өңірлерде, қалаларда бұйрықты дұрыс орындамайды.
Сол үшін министр дереу Алматыға ұшатын болды. Іс-шаралардың тиімділігін тексеріп, сырқаттардың жағдайын сұрап-білуді көздеп отыр.
Альбина ӘШІМ