«Абай Quiz» ойынында 100 команда сайысқа түсті
Семейде Республика күніне орай «Абай Quiz» республикалық зияткерлік ойыны өтті. Еліміздің әр өңірінен 100 команда қатысып, 600-ге жуық адам өзара мықтыны анықтады. Биыл білімділер бәсекесі екінші рет қолға алынып отыр. Сайыста Абай Құнанбайұлының шығармашылығы, Алаш қозғалысы, өңір тарихы, өнер мен мәдениет, Қазақстанның әлемдік жетістіктеріне қатысты тақырыптар қамтылды.
Қуаныш Молдақашев, «Абай Quiz» республикалық зияткерлік ойынының ұйымдастырушысы:
«Абай Quiz» ойынын зияткерлік ойындар бойынша Қазақстан чемпионаты ретінде қалыптасып келе жатыр деп айтуға болады. Былтырғы және биылғы құрамды салыстыратын болсақ, биыл әр облыстың ең мықты командалары жиналған. Бұл, біріншіден, зияткерлік ойындарды насихаттауға мүмкіндік береді. Екіншіден, білімге құштар, ізденімпаз жастар мен азаматтарға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл – қазақ тілін насихаттайтын маңызды алаң.
Білім бәсекесіне Абай облысымен қатар, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Атырау, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан командалар келген. Былтыр Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған ойынға 1080 қатысушы жиналып, Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілген болатын. Бұл жолы облыс әкімдігінің қолдауымен 4 миллион 500 мың теңге жүлде қоры тағайындалып, үздік командалар ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Нұржан Өмірбаев, қатысушы:
Абай облысына үлкен рақмет! Өйткені Абай аренада 100 команданың басын қосып, зияткер жастар ортасының қалыптасуына үлкен серпін беріп отыр. Жалпы, атмосферасы керемет! Аренаның өзі шабыттандырады. Бұл – білім бәсекесіне құрылған бүгінгі күннің ең үлкен жарыстарының бірі деп ойлаймыз. Ерекше әсер мен керемет эмоция сыйлап жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы