Басты Жаңалықтар Шымкентте Республика күніне орай Мемлекеттік ту 100 метр биіктіктегі тұғырға көтерілді

Шымкентте Республика күніне орай Мемлекеттік ту 100 метр биіктіктегі тұғырға көтерілді

Шымкентте Республика күніне орай Мемлекеттік ту 100 метр биіктіктегі тұғырға көтерілді. Басты алаңға жиналған көпшілік мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, ел тарихындағы егемендіктің маңызын тағы бір рет айшықтады. Салтанатты шара барысында патриоттық әндер шырқалып, жұртшылық елдіктің еңселі нышанын қастерлей түсті.

Салтанатты рәсімде еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көкке көтерілді. Ел мерейін асырған мерекелік жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен зиялы қауым, қоғамдық ұйым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Елдік рух пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды мерекеге жиналғандар егемендік алған 35 жылда жеткен жетістіктерді сөз етті.

Яхия Қалходжаев, қала тұрғыны:

Біздің қазіргі жастарымыз егемендіктің тұғырын жақсы түсініп, белсенді қазақтың азаматтары болып, тәрбиеленіп жатыр. Қарттарымыз қазір жастарымызға өз ата салтымыз, ата дәстүріміз бойынша өнегелерін көрсетіп, қаншама іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Ұлттық мерекеде көк туымызды көтеру – отаншылдықты дәріптейтін маңызды қадам. Ал көк байрақ желбіреген сайын мәртебеміз де биіктей түседі, дейді жиынға қатысқан жастар. Себебі Мемлекеттік ту – Қазақстанның тәуелсіздігінің, халықтың бірлігінің және мемлекет болашағы үшін ортақ жауапкершіліктің символы саналады.

Нұрзат Жұман, студент:

Мен өзімнің Қазақстан мемлекетінің мүшесі ретінде, азаматы ретінде осы елде туғаныма, осы елде өркендеп өсіп жатқаныма қуанамын. Еліміз осылай қарқынды дами берсін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!

Жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Бүгінде Республика күні азаматтарды ортақ құндылықтар, тарихқа құрмет және Отанның өркендеуіне деген ұмтылыс төңірегінде біріктіреді. Бұл мереке ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтаудың, сондай-ақ мемлекеттің дамуына әр азаматтың үлес қосуының маңызын еске салады.

Бөлісу