Әли Тұрғанбеков Пара жүзуден күміс жүлде иеленді
Жапонияда өткен V Азия Пара ойындарында отандасымыз Әли Тұрғанбеков күміс медаль жеңіп алды. Ол ерлер арасында 100 метрге брасс әдісімен пара жүзуде финалда 1 минут 44,26 секунд нәтиже көрсетті. Осылайша, Әли халықаралық додада ел қоржынына тағы бір жүлде салды. Спортшының жеңісіне жақындары да қуанып, оның табандылығы мен жігерін ерекше айтып өтті.
Осыдан тоғыз жыл бұрын Ұлттық арна ұжымы Әлиге сенім артып, қолдау білдірген еді. Бүгінде Әли Жапониядан күміс жүлдемен оралды. Бұл сол кезден қалған мұрағат кадрлары.
Әлидің жеңісі тұтас бір елдің жүрегін тебірентті. Талпынысы тұғырға бағытталған оның қиялы асқақ. Өзінің жаңа белесін бағындырып, спорт тарихындағы жеке жолын пара жүзуден жалғастырып келеді.
Әли Тұрғанбеков, V Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері:
Осы жолы халықаралық жарыста анамның менің жанымда болғаны маған ерекше күш берді. Отбасым мен жақындарыма, жаттықтырушыларыма алғысым шексіз. Әлі талай биік белесті бағындыратыныма сенемін.
Ерекше тағдыр Әлидің арманына шек қоя алмады. Бала күнінен футболға құмар боп, әлемдік футбол жұлдыздарымен кездесті. Ал Жапонияда өткен жарыста Әли 100 метрге брасс әдісімен жүзуден финалға 1 минут 44,26 секундта жетті.
Әсипат Әбділқадырқызы, Әлидің әжесі:
Әлиіме қарасам, Әлимен бірдей сияқты болып кетемін. Оның айтқаны, бүкіл істеген істерінің бәрі адамдарға жақсы ұмтылыс береді. Әлидің мінезі сондай жұмсақ. Адамның көңіліне көп қарағыш.
Әмір Тұрғанбеков, Әлидің інісі:
Осындай бауырым барына мақтанамын әрдайым. Кішкентай кезімізден Әлидің ішінде үлкен энергия болған. Мен әрдайым оның қасында боламын. Мен керек кезде көмектесемін. Ол маған қиын болмайды, өзімнің міндетім деп білемін.
Спортта кейде жеңіс пен жеңілістің арасы секундтың ғана үлесіне сыйып кетеді. Бірақ ерліктің өлшемі секундпен шектелмейді. Бұл өмірге деген құштарлықтың жеңісі болса керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы