Жетісу облысының тұрғындары Республика күнін кең көлемде атап өтті
Республика күнін Жетісу жұртшылығы да кең көлемде атап өтті. Өңірдегі ең ірі ту тұғырында көк байрағымыз көтерілді. Айтулы шараға жасы да, жасамысы да бар, жалпы мыңға жуық тұрғын қатысты. Салтанатты рәсімде аймақ халқы мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетті.
Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен әнұран орындалып, салтанатты шараға ерекше рух берді. Республика күні – ел тарихындағы азаттықтың орны мен тәуелсіздіктің мәнін айшықтайтын айтулы мереке. Өңір жұрты бұл күннің маңызы тереңде жатқанын, егемендіктің оңай келмегенін жақсы түсінеді.
Серік Нұрхалық, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Ел болуымыз үшін туымыз биік, туымыздың тұғыры берік болуы керек. Жер дүниедегі халықтардың арасында өзіміздің мемлекетіміздің әрдайым еңсесі биік екендігін, халқымыздың жүрегі елім деп соғып тұруы керек қой. Сонда ұрпақты да солай тәрбиелеуіміз керек.
Ал Жетісу жастары ел болашағын білім және қажырлы еңбекпен байланыстырады. Олардың мақсаты – сапалы білім алып, таңдаған саласын меңгеру, қоғамға пайдасын тигізу. Бүгінгі мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ел дамуына үлес қосу – өскелең ұрпақтың басты міндеті екенін айтады.
Нұрасыл Тастанбеков, облыстық «Jetisy jastary» жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары:
Білім мен ғылымның заманында өздерінің білімдерін ары қарай арттырып, халықаралық деңгейде еліміздің көк туын әрдайым биіктен желбірету деп санаймын. Технологияларымен, жаңалықтарымен алға шыққан көркейген мемлекет алдағы орындардан көрінеді деп сенемін.
Айта кетейік, Мемлекеттік туды көтеру рәсімі облыс орталығымен ғана шектелген жоқ. Республика күніне орай өңірдің әр түкпіріндегі 43 ту тұғырында көк байрағымыз көтерілді. Салтанатты шараларға екі мыңнан астам тұрғын қатысып, елдік мерекенің мәнін айшықтай түсті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы