Өзара құрмет бар жерде сыйластықтың салмағы артады
Ел азаматтарының әдебі мен мәдениеті арқылы қоғамда этикалық құндылықтар қалыптасады. Ал сыйластыққа құрылған қарым-қатынас адамның тұлғалық қасиетін танытады. Жуырда Президент азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа қоғамдық әдебін қалыптастыру қажет екенін айтты. Қазіргі қазақ қоғамындағы құрмет пен сыйластық туралы Данияр Әлімқұл жалғайды.
Мәдениетті адамның мәжілісі берекелі, мәмілесі баянды болады. Өйткені өзара құрмет бар жерде сөз жарасып, сыйластықтың салмағы артады. Ал сөз басы – сәлемдесу. Адамдардың сәлем-сауқат сұрасуынан әуелі әдеп әліппесінің деңгейі көрініп тұрады.
Бұл біз барған Тараздағы №67 келешек мектептің бірі. Мұнда қолды жүрек тұсына қойып амандасу ишарасы бір жыл бұрын бекітілген. Бірінші сыныпқа барған балғындар да ескідегі қазақтың жаңғырған әдебін жат көрмейді.
Заманауи мектепте ұстазды ұстаз деп ұлықтайды. Әдеттегідей әпкей, ағай, апай деп атау атымен жоқ. Өйткені мектептің жүрегі мұғалімнің еңбегін сыйлау да – мәдениеттілік.
Адамды тұлғалық қасиет тұғырға шығарады. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді халқымыз. Демек, ішкі мәдениет, ізгілік пен жақсы әдеп жарға жықпайды. Бұл, әсіресе, бүгінгі буын алмасу кезеңінде үлкендерден үлгі алып, өскіндерге өнеге болу маңызды.
Әлия Баймұратова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Қазіргі дамып келе жатқан қоғамда альфа, бета ұрпақтары, айкю, ескю дамыған ұрпақтар үшін мұндай болмысты енгізу, әрине, үлкен еңбекті талап етеді. + Қоғам қанша дамығанымен, біз өзіміздің әдептілігімізді, адамгершілігімізді, ізеттік тәрбиемізді ұмытпауымыз керек.
Кішінің үлкенге құрметі, үлкеннің кішіге ізеті болғаны бір ғанибет. Үрпектай жастың үлкенді сыйлағанында көргенділік бар. Бұл болмысыңдағы кісілік пен бойдағы көркем мінезді көрсетеді.
Мемлекет басшысы қоғамда ұстамдылық пен өзара құрметті сақтау маңызды деді. Демек, кісіге әдеп жолдас болғаны әдемі. Жалпы, айналамызда амандық айтар алды бет сүюге бейімделіп, құшақтасуды құп көргендер де бар. Бірақ қашанда қарым-қатынас тілі – мәдениет, тіні – әдеп, тірегі – сыйластық екенін ескерсек игі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы