Өткен жылдың қараша айында WBA (Дүниежүзілік бокс қауымдастығы) штаб-пәтерінде бірінші ауыр салмақта WBA (Regular) белбеуінің иегері қазақстандық Бейбіт Шүменов (17-2, 11 КО) пен WBA нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы кубалық Юниер Дортикостың (21-0, 20 КО) арасында жекпе-жек өткізу туралы сауда жүргізілген. Бұл сауданы кубалық спортшының «Caribbean Promotions» компаниясы жеңіп алған. Айқас 11 ақпан күні өткізілуі тиіс болатын. Алайда, әлі күнге дейін осы жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ.
«Өздеріңіз білетіндей сауда жүргізілді. Олардың ережесі бойынша жекпе-жек 90 күннің ішінде өткізілуі тиіс. Бұл істі кубалық тарап жеңіп алғаннан кейін маған 11 ақпанға арналған келісімшарт ұсынды. Кездесу Майамиде ұйымдастырылуы керек болған. Бірақ осыдан төрт-бес күн бұрын Дортикостың өкілдері WBA ұйымына уақытын созу жөнінде өтініш жасапты. Мұндай кезде жоспар тек табиғи апат немесе өрт болған жағдайда ғана ұзартылады. Ал, еш себепсіз бұл жағдайға рұқсат беру еш заңға сәйкес келмейді», – деді Шүменов.
«Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін дайындықты бастап кеттім. Сондықтан заңгерлерім 11 ақпанда жоспардың орындалуы немесе гонорарымды төлеуі үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Мұндай орынсыз жағдайдан мен шығынға ұшыраймын. Сондай-ақ, қазір мансабым да бір орында тоқтап қалды», – деді боксшы.
«WBA кубалықтардың сұранысын қанағаттандырады деп ойламаймын. Егер Дортикосқа қарсы шықпасам, менеджерім Эл Хэймонмен ақылдасамын. 28 қаңтар күні Лас-Вегаста үлкен шоу болады, мүмкін сол күнге ауыстырар. Бұған қуана-қуана келісер едім. Себебі, деңгейімді бір қалыпта ұстап тұру да оңай шаруа емес», – деді қазақстандық былғары қолғап шебері.