Букмекерлік кеңселер орта салмақта WBC, WBA, IBF және IBO нұсқалары бойынша Әлем чемпионы Геннадий Головкин мен WBA (Regular) белбеуінің иегері Дэнниэл Джейкобс арасындағы жекпе-жекке арналған коэффициенттерді жариялады. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
Бұл көрсеткіш бойынша қазақстандық боксшыға фаворит ретінде 1.12 ұсынылса, америкалыққа 6.50 берілді. Ал, кездесу тең аяқталған жағдайдағы коэффициент – 25.
Бұл айқасқа берілген баға алғаш рет 22 желтоқсанда шыққан. Ол кезде Головкиннің жеңісіне 1.32, ал, Джейкобсқа 3.50 берілген. Бұған дейін қазақстандықтың жеңісіне дәл мұндай жоғары сенім артылмаған.
Коэффициенттердің өзгеруі боксшылардың жеңу мүмкіндігімен ғана емес GGG үшін бәстің көп қойылуымен байланысты. Нью-Йорк қаласындағы «Madison Square Garden» аренасында өтетін жекпе-жекке екі ай уақыт қалды. Сондықтан әлі де өзгерістер болып қалуы мүмкін.