2008-2018 жылдар аралығына шолу
Соңғы онжылдық та ел үшін, арна үшін маңызды оқиғаларға толы. Қазақстан бұл уақыт аралығында ғаламдық геосаяси қатынастардағы орнын айқындап, талай ірі халықаралық шараларды абыроймен атқарды. Ал, ұлт мүддесін ұстаным еткен Ұлттық арна сол жаңалықтардың басты жаршысы болып, елмен бірге еңсе түзеді.
Спорт. Жеңіс. Бірлік. Әлемдік дүбірлі додалар қашан да қазақстандықтарға рух беріп, күллі жұрттың ынтымағын арттыратыны анық. 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиадада Ұлттық құрама 2 алтын, 4 күміс,7 қола медаль алып бір қуантса, 2012 жылы Лондоннан спортшыларымыз 7 алтын, барлығы 13 медальмен олжалы оралды. 2011 жылы 7-ші Қысқы Азия ойындарын абыроймен өткізіп, тұңғыш рет 69 медаль иеленіп, рекорд орнаттық. Былтыр Алматыда болған Қысқы Универсиада болса, Қазақ елінің спорттағы жетістіктерін еселей түсті.
Әлемдік саяси аренада да Қазақстан бұл жылдары өз ықпалын арттырды. Жақынды алыстатпай, алысты жақын ұстап, шаңырақты шайқалтпай келеді. Ал, арнамыз осындай маңызды тарихи оқиғаларды қалт жібермей, халықты хабардар етуге тырысты.
Еркін Мұхамеджанов, «Қазақстан» РТРК» АҚ Қостанай облысы филиалының директоры:
- Өмірімнің 17 жылын ақпарат және сараптама саласына арнаған екенмін. Сол 17 жылдағы ең қызықты да, қызғылықты, машақаты көп кезеңім, ол президенттік пул құрамында шетелдерді аралап, сыртқы саясат туралы материалдар жасағаным. Сондағы жасаған бір стендабым әлі көкейімнен кетпейді. 2008 жылы Ресей президенті болып Медведев сайланды. Сол кезде Фин бұғазы жанында тұрып, Украинмен дүрдараз, Грузинмен мүлде араз, Беларусьпен бір күн тату, бірде араз Ресей еліне жас прагматик келді.
Қазақстанның жұлдызды сәті 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі болды. Бұл ауқымды шара кезінде елімізге ғана емес, БАҚ-қа үлкен жауапкершілік артылды.
Бейнегүл Абауова, шеф-редактор:
- Өйткені, бұрын-соңды елімізде мұндай үлкен, ауқымды, маңызды шара өткен емес. Бұл біздің жауапкершілігімізді арттыра түсті. Ұлттық арна сағат сайын эфирге шықты. Біздің тілшілеріміз тікелей эфирге шығып, саммиттің барысын баяндап отырды. Ал, ол тілшіден жауапкершілікті, шынайылықты, дәлдікті, жылдамдықты қажет етеді. Бірақ, біз осы жұмысты абыроймен атқарып шықтық.
2011 жылы телеарна тағы бір маңызды кезеңді басынан өткереді. Бұған дейін қос тілде хабар таратқан арна толығымен қазақшаға ауысады. Ал, 2012 жылы сандық жүйеге көшіп, көне қаладағы ескі ғимараттан сол жағалауға «Қазмедиа» орталығына қоныс аударады. Таспалы кассеталар дәуірі артта қалып, Ұлттық арна ұжымы электрондық форматта жұмыс істеуге кіріседі.
Аршын Ахмет, видеоинженер:
- Кассетамен жүрген кезде неше түрлі қызық жағдай болады. Эфирге асығып, кассетамен жүгіріп бара жатқанда құлап, шалынып, әрең үлгергенбіз.
Светлана Әбдірахманова, видеоинженер:
- Кассеталар көбінесе магнитофонда шайналып қалады. Эфирге де сондай кассеталармен шығып жүрдік. Ол өте қиын болатын. Ал, қазіргі компьютермен монтаждау – жақсы бір жетістік.
Қадірлі іс – қайырымдылық та ұмытылған емес. «Qazaqstan» арнасы үнемі көмекке мұқтаж адамдардың жанайқайына бей-жай қарамай, қолұшын созып келеді. 2016 жылы ұйымдастырылған «Шын жүректен» телемарафоны аясында 41 млн. теңге ақша жиналып, ондаған отандасымызға жәрдем көрсетілді. Телекөпірлер, оқыс оқиғалар кезінде шұғыл арнайы шығарылымдар, президенттер мен салмақты саясаткерлер, белді адамдармен сұхбаттар. Ұлттық арна мұндай маңызды шараларды үнемі абыроймен атқарып келеді. Ел аузында қалған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ақпараттық серіктесі болу біздің арнаға бұйырды. 90 күн бойы көрмеден ақпарат беріліп, тілшілеріміз тікелей байланысқа шығып тұрды. Қажымайтын, талмайтын, жаңаруды жатырқамайтын Ұлттық арнаның ұсынары бұдан да былай мол болмақ.
Альбина ӘШІМ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
